Қазақстандық журналистер Бельгияда тағылымдамадан өтеді
Байқау қорытындысы бойынша үздік 3 жеңімпаз Брюссельдегі ЕО институттары мен медиа-пулын зерттеуге арналған бір апталық тағылымдамадан өтеді.
Байқауға журналистердің Еуропалық одақ пен Қазақстан ынтымақтастығының өзекті тақырыптарына арналған жұмыстары қабылданды.
«Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы құрметіне Қазақстандағы ЕО өкілдігі Қазмедиа орталығымен бірлесіп, қазақстандықтардың кәсіби халықаралық тағылымдамасына байқау жариялаған болатын. Нәтижесінде 2 сәуір - 31 мамыр аралығында қазақстандық БАҚ өкілдерінен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ЕО және Қазақстан ынтымақтастығы туралы 32 жұмыс келіп түсті», - деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, байқаудың алты жеңімпазы Брюссель қаласына (Бельгия) барады. Жеңімпаздар арасында Арсен Асқаров ( «КазТАГ» халықаралық агенттігі, Астана), Ольга Асхожина (Астана радиосы, Астана), Орынгүл Бектілеуова («Қазақстан» РТРК Атыраудағы филиалы), Ерболат Мұхамеджан («Atameken Business channel»ЖШС, Астана), Данил Москаленко («Atameken Business channel» ЖШС, Астана), Гүлнар Тәжиева («Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті, Алматы) бар.
«Олар Еуропалық комиссияның күнделікті брифингтеріне қатысып, Еуропарламент, ЕО Кеңесі, Еурокомиссия, Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің және баспасөз қызметтерінің ішкі жұмыс механизмін көре алады. Сондай-ақ, сапар барысында отандастарымыз Орталық Азия медиасферасы өкілдерімен кездеседі», - деп өз сөзін толықтырды Э. Байназарова.
Байқау Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға, Қазақстанның медиа кеңістігінде Еуропалық одақ туралы ашық диалогты қалыптастыруға бағытталған.