Қазақстандықтардың алдында кездесетін негізгі заңдық қиындықтар анықталды
Бұндай нәтижелер бүгін Астанада «Заң алдындағы теңдік» атты көпжылдық бағдарламаның аясында өткен «Қазақстанда халықтың осал топтарының әділеттілікке қолжетімділігі» атты конференцияда шығарылды.
Аталмыш шара Орталық Азиядағы «Еуразия» қорымен ұйымдастырылған болатын.
Бағдарлама шеңберінде 2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда 7 мыңнан астам тегін заңдық кеңестер берілді. Онда ең кең тараған сауалдардың бірі - отбасы құқығы. Ол бойынша негізінен жастар мен әйелдер жиі жүгінеді екен. Оларды алимент алу, ажырасуды рәсімдеу, дүние-мүлікті бөлу мәселелері қызықтырған. Ал ер адамдарды құжаттарды қайта алу, тұрғылықты тіркеу мәселелері толғандырады. Мүмкіндігі шектеулі жандар зейнетақы мен жеңілдіктер саласындағы сауалдарға жауап іздейді.
Қазақстандағы Финляндия елшісі Микко Киннунен атап өткеніндей, жоба Финляндияның Сыртқы істер министрлігінің белсенді қолдауының арқасында жүргізілді.
«Фин тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік, жергілікті органдардың азаматтық қоғаммен тығыз ықпалдастығы халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Біз Қазақстан Үкіметін халыққа тегін заңдық кеңестер өткізіп тұру және азаматтарды тіркеу үдерісін жеңілдету бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жалғастыра берулерін сұраймыз», - деді елші.