Қазақстанға 72 мыңға жуық асыл тұқымды іріқара мал басы әкелінеді - «ҚазАгроӨнім» АҚ
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру мониторингісі жөніндегі сараптама тобының отырысында «ҚазАгроӨнім» АҚ басқарма төрағасы Александр Солюлев мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан 2016 жылға қарай елімізден экспортталатын ірі қара мал етінің көлемін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға дейін 180 мың тоннаға жеткізуге мақсат қойып отыр. Осыған орай, «ҚазАгроӨнім» АҚ «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын әзірлеген болатын.
«Осы жобаның бірінші кезеңі ет бағытындағы жоғары өнім беретін асыл тұқымды мал санын ұлғайту болып табылады», - деп атап көрсетті басқарма төрағасы. «Отандық шаруашылықтарда асыл тұқымды және тиімділігі жоғары малдың жеткіліксіздігін ескере отырып, шетелден ірі қара малды әкеліп, ет өндірісіне бағытталған, жоғары тиімді ірі қара мал өсіру шаруашылықтарының желісін құру жоспарлануда. Сол мақсатта бағдарламада көрсетілгеніндей, әлемдегі ет индустриясы дамыған елдерден 72 мыңға жуық асыл тұқымды мал басы сатып алынбақ», - деп хабарлады ол. Оның айтуынша, мал басы арзан тұратын мемлекеттерден сатып алу компанияның басты назарында болады. Негізінен мал Еуропадан, Австралия, АҚШ, Канада елдерінен жөнелтіледі.
Осы мақсатта еліміздің етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 130 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Биылға бұл қаражаттың 38 млрд. теңгесі жұмсалады. Нәтижесінде таяу бесжылдықта 300 мың бас туатын сиыр ұстайтын 2,5 мың шаруа қожалықтарын құру көзделуде. Сонымен қатар импорттық бағыттан бөлек, отандық тұқымның әлеуеті де мейлінше қолданылатын болады.
Оның айтуынша, бірінші кезекте Қазақстан үшін ең басты нарықтық әлеуеті зор экспорттық бағыт - Ресей елі болып табылады. «Ресей жыл сайын 1,5 млн. тонна ет импорттайды. Соның ішінде 800 мың тонна сиыр еті әкелінеді», - дейді ол. А. Солюлевтің атап өтуінше, Қазақстан 5 жылдан кейін Ресейге ет импорттайтын ең ірі мемлекет болмақ. «Көрші елдердегі етті тұтыну көлемінің жыл санап артуына орай, Қазақстан мал шаруашылығындағы әлеуетін жпандандыруға және сырт мемлекеттердің нарығын сиыр етімен қамтамасыз етуге мүдделі. Оған бізде бірнеше бәсекелік артықшылықтар да бар. Біз ешбір гормондарсыз, экологиялық таза етті алуға және жемге шығындатпай-ақ мал өсіруге мүмкіндік беретін кең байтақ жайылымдарға иеміз», - деді А. Солюлев.