Қазақстанға Fitch Ratings сарапшылары келеді

Халықаралық рейтинг агенттіктерінің сарапшылары Қазақстанға жыл сайын келеді, деп хабарлады pm.kz сайты
Үстіміздегі жылы Standard&Poor's және Moody's рейтингтік агенттіктерінің жолсапары ұйымдастырылды. Сапар барысында сарапшылар Ұлттық банктің, Қаржы министрлігінің, Экономикалық даму және сауда министрлігінің, «Самұрық Қазына» қорының, «ҚазМұнайГаз» компаниясының, екінші деңгейдегі банктің басшыларымен және жеке сектор өкілдерімен кездесті.
«Қазіргі кезде аталған сапарлар нәтижесінде Standard&Poor's және Moody's агенттіктерінің ҚР тәуелсіз несие рейтингісін растайтын болмаса өзгертетін шешімін күтудеміз. Енді қыркүйек-қазан айларында Fitch Ratings сарапшыларының сапарын ұйымдастыру көзделуде», - деп хабарлады Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні Standard&Poor's әзірлеген ҚР тәуелсіз рейтингісі көрсеткендей, шетел валютасындағы ұзақ мерзімді міндеттемелер «ВВВ+», шетел валютасындағы қысқа мерзімді міндеттемелер «А-2» және ұлттық валютадағы қысқа мерзімді міндеттемелер «ВВВ+» деңгейінде. Барлық рейтинг бойынша болжам - «Тұрақты».
Сонымен қатар, Moody's сарапшыларының болжамы да барлық рейтингі бойынша «Тұрақты» деп белгіленген, шетел валютасындағы ұзақ мерзімді рейтинг «Ваа2» деңгейінде, жергілікті валютада «Ваа2» деңгейінде сақталған.
Fitch Ratings зерттеулеріне қарағанда, шетел валютасының ұзақ мерзімді дефолт эмитенті рейтингісі «ВВВ», жергілікті валютадағы ДЭР «ВВВ+», шетел валютасындағы қысқа мерзімді ДЭР «F3» деңгейінде. Рейтингтің барлық түрі бойынша болжам «Оң».
Рейтингтік агенттіктермен ынтымақтасу тұрақты түрде жүргізіліп, сарапшылардың жыл сайынғы сапарларынан басқа, агенттікке ҚР әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы мәліметтерді үнемі жіберіп отыруды да қарастырады.