Қазақстанға күнбағыстың «Pioneer» атты гибридті түрі әкелінеді - DuPont ғылыми-зерттеу компаниясының өкілі
Pioneer Қазақстанның ауа райына лайықталып өсірілген. Бұл туралы бүгін компанияның Қазақстандағы жұмысына 5 жыл толуына орай өткен баспасөз мәслихатында кәсіпорын өкілдері айтты.
«Аталған өнім «DuPont ExpressSun» технологиясы негізінде жасалды. Ерекшелігі гербицидке төзімді, Қазақстанның ауа райына лайықталған. Осыған ұқсас күнбағыс 2006 жылы Еуропа елдерінің алқаптарына егілген. 2-3 жылда күнбағыс алқабы өсіп, биылғы жылы 3 миллион гектарға жетеді. Сондықтан аталған өнімді Қазақстанға жеткізуді жөн көрдік»,- деді DuPont компаниясының «Pioner Hi-Bred» бөлімінің коммуникация жөніндегі менеджері Майкл Холл.
Компанияның «Өсімдіктерді қорғау» бөлімінің жетекшісі Алексей Одношевныйдің айтуынша, DuPont Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы қызметін ұлғайтуды жөн көріп отыр. «Біз ерекше күнбағысты ұсынумен қатар фермерлер үшін гербицид, инсектицид және фунгицидтердің жаңа түрлерімен қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар жүгері, рапстың Қазақстанға лайықталған түрлерін жеткізетін боламыз», - деді Алексей Одношевный.