Қазақстанмен ынтымақтастықты әртараптандыратын кез жетті - Италия Елшісі Стефано Раваньян

- Елші мырза, Сіз Төтенше және Өкілетті Елші лауазымына жақында тағайындалған едіңіз. Осыған орай, біздің еліміз туралы алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз?
- Иә, расында ағымдағы жылдың тамыз айында мен Қазақстандағы Италияның Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалдым. Бұған дейін мен Ресейде, Мәскеу қаласындағы біздің Елшілікте бес жыл бойы қызмет еткен едім, сонда орысшаны да тәуір меңгергендеймін. Ал Қазақстаннан алған алғашқы әсерім жақсы. Менің ойымды бұрған бірінші мәселе, бұл - сіздердің елдеріңізге қызығушылық білдіретіндердің, не болмаса Қазақстанда жұмыс жасап жатқан бизнесмендердің қатары артып отырғаны. Соның ішінде мен біздің еліміздің компаниялары тарапынан түсетін сұрақтарға білікті жауап беру мақсатында Атырау, Ақсай және Алматы қалаларында болып қайттым.
Сонымен қатар, Елші ретінде мен де қазақстандық билік өкілдерімен жіті және жемісті диалогты сындарлы деңгейде жүргізгім келеді. Бізде әрқашан саяси және экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасу мүмкіндігі баршылық. Сондықтан да мен қазақстандық тараппен осындай диалогтың жалғасатынына сенім білдіргім келеді.
- Сіз қазақстандық-итальяндық қарым-қатынасты қалай бағалар едіңіз?
- Қазақстан мен Италия арасында достық жылы қатынас 1990-ы жылдары қалыптасқан еді. Ендігі күні мен біздің елдеріміздің арасындағы қатынасты әртараптандыратын кез жетті деп ойлаймын. Менің пікірімше, бұл үшін біздің елдеріміздің арасындағы әлеует жоғары. Мәселен, Италия тарапы Қазақстандағы энергетикалық қана емес, экономиканың басқа да салаларына қатысуға әзір. Мысал ретінде айта кетейік, қазіргі таңда Италияның іскерлік топтары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қызығушылық тудыруда. Сондықтан да, біз Қазақстанмен байланысты сауда өкілдігін құру жолымен нығайтуға ниеттіміз.
- Ендеше италиялық компаниялардың «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне қатысу ниетіне қатысты тоқталып өтсеңіз?
- Екі апта бұрын Қазақстанға Италиядан үлкен делегация келіп кетті. Ол делегацияның құрамына ірі компанияның өкілдері кірген болатын. Олардың осы сапары аясында жекелеген корпорациялар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, біздің Елшілікке Италия кәсіпкерлері тарапынан көптеген сауалдар келіп түсуде, олардың басым бөлігі алдағы болатын шара туралы жан-жақты білгісі келеді. Осы орайда, 2015 жылдың қазан айында Милан қаласында «ЭКСПО-2015» халықаралық көрмесі өтетінін айта кеткім келеді. Сондықтан да біз логистика және коммуникация саласындағы тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Бұдан бөлек, алдағы ЭКСПО-ға көптеген туристер келмек, ендеше миллиондаған туристер үшін Астананың көрікті жерлеріне олардың назарын аудару және басқа да мәселелер бойынша тартымды әрі жағымды жағдай жасау бағытында пікір алмасуға да әзірміз.
- Италия Елшілігінің жақын аралықтағы жоспарлары туралы айтып өтсеңіз. Сіздің ойыңызша, алдағы ынтымақтастық аясында қай салаға барынша назар аудару қажет етіледі?
- Біріншіден, біз Қазақстанда сауда өкілдігінің болуын кеңейту және оны нығайтуға көбірек күш салғымыз келеді. Осыған орай, біз келесі жылдың бірінші тоқсанына қарай Алматыда қызмет етіп тұрған мекемеге қосымша Астанадан сауда өкілдігін ашсақ деп ойлаймын. Екіншіден, біздің елдеріміз арасында мәдени алмасу және білім беру бағытында диалог қалыптастыруға ниеттіміз. Бұл бағытта Қазақстанда Италия мәдениеті мен итальян тілін ілгерілету үшін бірқатар ауқымды шаралар жоспарлаймыз. Бұнымен қоса, Назарбаев Университеті мен Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректорларымен және Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің басшылығымен кездесуге бастама жасадым. Сонымен бір мезгілде, біз әлбетте, қазақ мәдениетінің Италияда танымал болуына жәрдемдесеміз.
Айта кетейін, мен жақында Қазақстанның ұлттық мұражайында болып, онда ұсынылған композициялардан керемет әсер алдым. Сондықтан да, мұндай мұражайды Италияда өткізсе, оның итальяндық мәдениет қоғамдастығы тарапынан зор баға алып, үлкен қызығушылық туатынына сенімдімін.
- Жақында Қазақстан Президенті «Нұрлы Жол - Болашаққа бастар жол» атты Жолдауы арқылы жаңа экономикалық саясатты жария етті. Осы Жолдаудан өзіңізге түйгеніңіз бар ма?
- Иә, Президент Назарбаев бастама жасаған Қазақстандағы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жоспары аса қызықты. Шындығында, Қазақстанда көліктік әлеует өте зор, сондықтан да сіздердің елдеріңіз үшін көлік инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаражат салу мейлінше маңызды деп білемін. Осы ретте Италияның компаниялары біршама жылдар бойы Қазақстан аумағында жол құрылысы саласында жұмыс істеп жатқанын айта кеткім келеді. Біздің компаниялар бірқатар негізгі инфрақұрылым жобаларында, соның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне қатысып келеді. Бұдан бөлек, біз әуе қатынастарын дамытудың маңыздылығын да түсінеміз. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстан мен Италия арасында тікелей тұрақты әуе рейстерін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға ниеттіміз.
- Әңгімеңізге рақмет!