Қазақстанның әскери делегациясы Бейжің және Шанхай гарнизондарының бірқатар әскери бөлімдерінде болды

Қорғаныс министрі бастаған қазақстандық делегация Бейжіңде Әуе шабуылы қорғанысын басқару орталығында болып, ондағы жүмыс жағдайларымен, қару-жарақ және әскери техникалармен танысты.
1941 жылғы сәуірде құрылып, соғыс жылдары 2000-нан астам шайқасқа қатысқан Бейжің гарнизонының 3 дивизиясының оқу-жаттығу орталығында келісімшарт қызметінің әскери қызметшілері автомат және минометтен атыс түрлерін көрсетті. Олар нысаналарды дәлдеу, шартты террористермен ұрыс операциясының элементтерін, жекпе-жек ұрыстың үлгілерін көрсетті.
Шанхайда қазақстандық делегация контр-адмирал Сюй Вэйбин басшылық ететін Әскери-теңіз базасында да болды. База қолбасшысының айтуынша, бұл жерде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Онда Қазақстанның Қорғаныс министрі теңіз кемелерімен, ондағы теңізшілердің қызметімен таныстырылды.
Әскери-теңіз базасының қолбасшысы контр-адмирал Сюй Вэйбин мен кеме командирі II рангалы капитан Лю Мянь қазақстандық Әскери-теңіз күштерінің қалыптасуы жолында барынша көмек көрсететіндеріне сендірді.
Ресми сапардың қорытындысы бойынша, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қазақстандық әскери делегацияға жоғары деңгейде көңіл бөлгені үшін Қытай тарапына алғысын жеткізді.