Қазақстанның бастамасымен Копенгаген құжатының 20-жылдығына арналған конференция өткізіледі
Бүгін ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі жөніндегі Консультативтік кеңестің отырысы барысында Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдағы уақытта ЕҚЫҰ шеңберіндегі адами өлшемдердің дәстүрлі шараларымен қатар бірқатар конференция өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Қазақстан Копенгаген құжатының 20-жылдығына арналған конференцияны өткізуге бастамашылық жасап отыр. Тоқтала кететін жайт, аталған құжат адами өлшемдер аясындағы негізгі құжат болып табылады әрі адам құқы мен бостандығы, сайлау өткізу, ұлттық азшылық шеңберіндегі ауқымды һәм негізгі міндеттерді қамтиды», деді C. Әбдікәрімов.
Оның айтуынша, бұдан бөлек толеранттық пен кемсітпеушіліктің жоғары деңгейі туралы ЕҚЫҰ конференциясы да жоспарланған. Бұл ретте Қазақстанның оңтайлы тәжірибелері негізге алынатын болады.