Қазақстанның биік тұғырдан көрінетін зор мүмкіндігі болды - Лондон Олимпиадасы бесінші күнінің қорытындылары

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Олимпиаданың бесінші күнінде  Қазақстанның биік тұғырдан көрінетін зор мүмкіндігі болды.
None
None

 Дегенмен  еліміздің қоржыны жүлдеге толықпады. Өкінішке орай жоғары орындарға дәмелі болған 19 жастағы қазақстандық зілтемірші Анна Нұрмұхамбетова Олимпиада жүлдесіне іліге алмады. Ауыр атлетикадан 69 келі салмақ дәрежесінде өткен жарыста қазақстандық зілтеміршіге сәл ғана басымдық жетіспеді. Ел біріншіліктерінде Әлем рекордын жаңартуға тұрарлық көрсеткіштер көрсетіп жүрген Анна Нұрмұхамбетова бұл жолы бабында болмады. Алғашқы жұлқа көтеруде 115 келіні басынан асырған ол, екінші - серпе көтеру сайысында 136 келіні бағындырды. Айта кету керек, жұлқада 117 келіні көтерген Аннаның бұл салмағын төрешілер санамай қойды. Қорытынды ұпай - 251. Турнир нәтижесі бойынша ауыр атлетшіміз 5-орын алды. Ал "алтынды" қос сайыстың нәтижесі бойынша 261 келіні бағындырған Солтүстік Корея зілтеміршісі Сим Ионг Рим қанжығасына байлап кетті.  Екінші орын румыниялық Даниэла Роксанаға (256 келі) бұйырды. Қола медаль Беларусь елінің спортшысы Марина Шкерманковада (256 келі).

Анна балалар үйінде өскен. Ауыр атлетикамен 12 жасынан бастап айналысыпты. Әуелі Қостанай облысында тұрған. Алғашқы бапкері - Виктор Ми­хайлусов. Содан соң Ақмола облысына ауы­сып, Бөгенбай батыр атындағы спорт­қа дарынды балалар мектеп-интернатын­да дәріс алды. Осы кезден бастап Сергей Шевченконың қол астында жат­тықты. Ауыр атлетикаға дейін гимнастикамен шұғылданған.

Жасыратыны жоқ, ХХХ жазғы Олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ Қазақстанға «алтын» сыйлаған Александр Винокуровтан жанкүйерлер тағы бір тосын сый күтті. Жерлесіміздің бір қайнауы ішінде жатқандығын білген сарапшылар да, велоспорттың жекелей жарысында кім жеңетіндігін болжап айтуға ауыздары бармады.  Алайда, бұған дейін Лондон Олимпиадасының "алтынын" қанжығасына байлаған велошабандоз Александр Винокуров, 1 тамыз күні өткен жарыста жоғары наградаға қол жеткізе алмады. Жекелей сында жерлесіміз 44 шақырымды 55 минут 37,5 секундта  өтті. Осылайша, ол 23-ші орынға тұрақтап, үздік ондыққа енбей қалды. 
Қазақстандық екінші спортшы Аслан Базаев аталмыш қашықтықты 56 минут 40,77 секундпен аяқтап, 31-орынды місе тұтты. Айта кетейік, бірінші орынға Ұлыбритания велошабандозы Брэдли Виггинс (50:39:54) қол жеткізді. Екінші орын неміс Тони Мартинге бұйырса, үшінші жүлдеге тағы бір британдық спортшы Кристофер Фрум ие болды.

Винокуровтың спорттық өмірбаяны толағай жеңістерге толы. Ол түрлі кәсіпқой командалар сапында өнер көрсетіп, көптеген халықаралық жарыстарда топ жарды. «Тур де Франс», «Вуэльта» және «Джиро де Италия» көпкүндіктерінде жасындай жарқырады. Сидней Олимпиадасында күміс медальді мойнына ілсе, әлем чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегер атанды. Енді міне, Олимпиада-2012 жарысында алтын олжалады. Винокуровтың ел спортына сіңірген ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Өз кезегінде 3 алтын медальды қанжығаға салған Қазақстан, бүкіл әлем халықтарын таңғалдыруда. Твиттерде шетелдіктер Қазақстанның Олимпиададағы ірі жеңістеріне таңдай қағып, Қазақстан елі туралы енді көбірек тануға тырысуда. Мәселен, Твиттерді пайдаланатын шетелдіктердің басым бөлігі мұндай елдің бар екендігінен мағлұматтары тым аз екен. Александр Винокуров, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін өзге халықтар Твиттерде: «Қазақстаннан тек Қытайдың, АҚШ-тың және Францияның медалі көп», «Қазақтар әзілдеп отырған жоқ. Олар тек алтынға дәмелі. Күміс те, қола да керегі жоқ», - деп жазды. «Қазақстанның өзі біздің елді артқа тастады. Мен осындай ел барын білмеппін де», - деп жазады британдық Твиттерде. «Қазақстан шынымен де бар мемлекет екендігін білмеппін. Қазақстан - бұл Еуропа ма?. Менің күдігім бар әлі де», - деп жазады келесі американдық.

Алайда жарыстың қызығы әлі алда, Қазақстан Лондон Олимпиадасында 5 "алтын" алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің басшысы Талғат Ермегияев мәлім етті. Оның меңзеп отырғаны ауыр атлетшілер - Илья Ильин мен Светлана Подобедова еді. Бұлардан бөлек Қазақстанның бокста да жүлде алар үлкен мүмкіндіктері бар. Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев «Экспресс К» басылымына берген сұхбатында Лондон Олимпиадасында алтын алуы мүмкін боксшыларымыздың аттарын атапты. С.Қонақбаевтың сөзіне қарағанда, Олимпиаданың жартылай финалына шығатын жақсы мүмкіндік Данияр Елеусіновте (64 келі) және Біржан Жақыповта (49 келі) бар. Алтын медальға келетін болсақ, С.Қонақбаев бұл наградаларға Серік Сәпиев пен Иван Дычко жете алатындығын атап өтуде.

«И. Дычко менің сүйікті боксшыларымның бірі, мен оның Лондоннан жүлдесіз қайтпауын армандаймын. Оның алтыннан алқа тағынатын мүмкіндігі бар. Өткен жылы Әлем чемпионатында ол мықты деген спортшылардың өзін жолдан тайдырды. Қытайдан келген Олимпиада ойындарының финалисін жеңді, хорваттық спортшымен де жақсы бокстасты. Оның буыны әбден қатайып, қуаты толысқан. Табиғи көрсеткіштер оған жартылай финалға өтуіне мүмкіндік береді», - дейді ол. Және Иван өзінің аға буын өкілін жерге қаратқан жоқ. Кеше түнде ол неміс боксшысы Эрик Пфайферді айқын басмдықпен ұтты (есеп 14:4).

Ал Қанат Әбутәліпов үшін бұл Олимпиада тәмамдалды. Лондон Олимпиадасында 56 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген боксшымыз қарсыласы Джо Джон Невинге есе жіберді.

Айта кетейік, Қанат Әбутәліпов өзінің олимпиадалық жолдамасын 2011 жылы Қытайда өткен бокстың (WSB) Әлемдік сериядағы чемпионатында ұтып алған еді.

1 тамызда жарыс жолынан шығып қалған спортшы Қанат қана емес. Қазақстан Лондон Олимпиадасында семсерлесуден ел құрамасының барлық мүшелерінен айырылды. Атап айтқанда, Элмир Әлімжанов, Дмитрий Алексанин және Юлия Живица өздерінің алғашқы жекпе-жектерін сәтсіз өткізіп, келесі раундқа өте алмады.

Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғаушы дзюдошы Тимур Болат 1 тамыз күні өткен 1/16 финалда жапондық  Масаси Нисиямадан ұтылып қалды.

Осылайша 1 тамызда қоржыны бос қалған Қазақстан жалпыкомандалық есепте екі сатыға төмендеп, 8-орынға тұрақтады.

1

People's Republic of China

17

9

4

30

2

United States of America

12

8

9

29

3

Republic of Korea

6

2

4

12

4

France

5

3

5

13

5

Democratic People's Republic of Korea

4

0

1

5

6

Germany

3

8

2

13

7

Italy

3

4

2

9

8

Kazakhstan

3

0

0

3

9

Japan

2

4

11

17

10

Russian Federation

2

4

5

11

 Еске сала кетейік, Қазақстан қоржынында 3 алтын медаль бар. Жарыстың бірінші күнінде велошабандоз Александр Винокуров «алтын» алып берсе, кейін ауыр атлетшілеріміз Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза тағы бір-бір «алтыннан» алқа тағынды.

Соңғы жаңалықтар