Қазақстанның бірнеше қаласынан Минскіге тікелей қатынайтын әуе бағыттары ашылады
Еске салайық, ағымдағы жылы қаңтар айының соңында Беларусь Елшісі ҚазАқпарат тілшілеріне, Астана мен Минск қалалары арасында әуетасымалын тұрақты түрде жүзеге асыратын бағытты ашу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Қазір «Астана-Минск» ұшақтары қатынайтынымен, олар тұрақты емес.
В.Брылевтың сөзіне қарағанда, жақында қабылданған шешім бойынша, маусым айынан бастап Минскіге ұшақтар Қазақстанның бірнеше қаласынан тікелей және тұрақты түрде қатынайтын болады. Әзірше олар - Астана, Павлодар, және Қарағанды. Сұраныс өте жоғары болғанымен, ұшақтар алғашқыда аптасына екі рет ұшпақ. Қазақстандықтар бұл рейстермен тек Минискіге ғана емес, Минск арқылы тікелей Еуропаға шығып кете алады.
«Бұл жұмыста бір шешімге келу қиын болды. Екі ел арасында саяси, экономикалық өзара қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанымен, тұрақты тікелей рейстер әлі жоқ. Бүгінгі күні тек Мәскеу арқылы ұшуға болады. Соңғы уақытта Киев арқылы мүмкін болды. Дегенмен, уақытың ысырап етіледі», - деді ол.