Қазақстанның ЕҚЫҰ аясында «қауіпсіздік себетін» кеңейту ұсынысы әзірше жүзеге асқан жоқ - Н.Назарбаев

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«ЕҚЫҰ осы ұйымға кіретін барлық мемлекеттердің экономикалық тоқыраудан шығу жолын іздейтін алаңға айнала алмады», - деп атап өткен Елбасы ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағында елдер бірте-бірте дағдарыс жағдайына душар болып отырғандығын баса айтты.
«Барлығына да әлемдік валюта жүйесінің кемшілігі айқын. Олар екі жыл бұрынғыға қарағанда айтарлықтай қуатты жаһандық дағдарыстың қайталануымен қорқытуда. Дегенмен экономикалық жауакершіліксіз мәселесі әлі де болса ЕҚЫҰ басымдықтарынан тысқары. ЕҚЫҰ-ның әскері өлшемдері, Корфу үдерісі тоқтап қалды. Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің ұйым аясында «қауіпсіздік себетін» кеңейту туралы ұсынысы да әзірше жүзеге асырылған жоқ. Менің бұл ұстанымым мен алаңдаушылығымды сіздер өздеріңіздің үкіметтеріңіздің және халықаралық ұйымдардың басшыларының қаперіне жеткізесіздер деп сенім артамын», - деді Н.Назарбаев.