Қазақстанның ең байырғы жоғары оқу орнында «Жас түлек - 2013» бос орындар жәрмеңкесі өтті
Жоғары оқу орнын бітіргелі отырған жас мамандардың еңбекке орналасуы қазір қоғамдағы көкейкесті мәселелердің бірі. Сондықтан бұл шараға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының білім департаменттерінің өкілдері мен 70 мектептің директорлары қатысты. Сондай-ақ Алматы қалалық ішкі істер департаментінің, «Қазкоммерцбанк», «Қазинвестбанкінің», «Хоум кредит» пен Ресей жинақ банктерінің және сауда ұйымдары мен сауда орталықтарының, «Эйр Астана» әуе компаниясы мен бірқатар Сән үйлерінің басшылары келіп, өздеріне қажет мамандарды таңдап, университетпен келісімшарттар жасасты.
Университеттің баспасөз қызметінің бас маманы Әлия Асмағұлованың айтуынша, жәрмеңкеге осыншама түрлі сала өкілдерінің келуінің өзіндік себебі бар. Өйткені биыл университетті 54 мамандық бойынша 1739 жас түлек бітіргелі отыр. Олардың ішінде педагогикалық мамандықтармен бірге экономист, банк қызметкері, заңгер, психолог, информатика, дизайн, ағылшын тілі мамандықтары да бар. Жалпы жас мамандардың жұмысқа орналасуына «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының ықпалы зор. Сондай-ақ жыл сайын өтетін бос орын жәрмеңкесі де оған өз үлесін қосуда.