Қазақстанның энергетикалық кешені қыс маусымына дайын - Б.Жақсалиев
«Біздің энергетикалық жүйеміздің сыйымдылығы жоғары және транзиттік әлеуетке ие, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесін Ресейдің энергетикалық жүйесімен байланыстырады. Осылайша, ТМД елдерінің энергетикалық жүйесі бірлестігінің маңызды субъектісі болып табылады», - деді Б.Жақсалиев.
Оның айтуынша, отандық энергетика жүйесі алдағы қыс маусымына дайын. Электр қуатын түрлендіргіш нысандар қалыпты жұмыс істеп жатыр, отынның жеткілікті қоры жасалды және энергетикалық кәсіпорындарды газбен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады.
«Дегенмен, біз қатал континенттік климат аясында өмір сүреміз ғой. Сондықтан желілердің тоңазуы сияқты жағдайларды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жауапты қызметтер мұндай мәселелерді барынша тез шешуге дайын», - деді ол.
Бұдан басқа, Бақыт Жақсалиев елімізде мықты қуат қоры жасалғандығын жеткізді. Ол 22-24 пайызды құрайды.
«Бұл резерв ел экономикасын 2025 жылға дейін тұрақты түрде дамытуға жеткілікті. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Қазір энергетиканы дамыту жөнінде елімізде жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Ол жаңа қуат көздеріне, соның ішінде атом энергиясына негізделетін болады. Оның үстіне Қазақстан уран өндіру бойынша үлкен әлеуетке ие», - деді Б.Жақсалиев.
ТМД елдерінің бейінді ведомстволары мен ұйымдары жетекшілерінің отырысында қысқа дайындық жөнінде баяндамалар оқылды. Сондай-ақ ынтымақтастық, мемлекетаралық электр желілеріне күтім жасау, жөндеу және басқа да мәселелер талқыланды.