17:22, 15 Наурыз 2013 | GMT +5
Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі салтанатты түрде ашылады
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - 18-19 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің әріптесі, Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Эркки Туомиояның шақыруымен Хельсинкиге сапармен барады. Сапар аясында ҚР СІМ басшысы Финляндия саяси және іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізеді деп күтілуде. Бұл туралы бүгін брифинг барысында министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігін салтанатты түрде ашу сапар бағдарламасының маңызды бөлігі болады.
«Финляндия Парламентінің спикері Эеро Хейнялуомамен кездесуі барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыға салынады деп күтілуде. Ал министр Е. Ыдырысовтың Финляндия Президенті Саули Ниинистемен келіссөздері шеңберінде екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың кең-ауқымды мәселелері қарастырылатын болады», - дейді Жанболат Үсенов. Оның айтуынша, сапарының соңғы күнінде қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысы Хельсинки Университетінің Александр институтында сөз сөйлеуі жоспарлануда.