Қазақстанның ғарыш саласындағы басты әріптесі - Ресей, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамыту басымдықты міндет - Н.Назарбаев

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның ғарыш саласындағы басты әріптесі - Ресей, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру басымдығы бар міндет, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада өткен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында.
None
None

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ғарыш саласын дамыту жөніндегі шаралар туралы мәселелер қаралды.

Екінші мәселе бойынша Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында ғарыштық қызметтердің әлемдік нарығындағы Қазақстанның орнының ауқымын кеңейту, сонымен қатар бірқатар жобаны жүзеге асырылу кезеңіне жеткізу мақсаты қойылғанын еске салды.

Бұл үшін Үкіметтің ғарыштық қызмет саласындағы іс-қимылын айқын жоспарлап алған жөн. Ғарыш қызметінің Қазақстан үшін мейлінше қызықты әрі қажетті буындарын айқындай отырып, алға нақты міндеттер қою аса маңызды.

Баяндама жасаған Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев басқарып отырған саладағы істердің ахуалы, жасалған жоспарлар мен туындаған қиындықтар туралы хабардар етті.

Отырысқа қатысушылар нақты ғарыштық жобалардың орындалу барысы, бірлескен жобаларды іске асыру кезіндегі шет мемлекеттермен өзара іс-қимыл, ғарыш саласы үшін кадр даярлау мәселелері жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш саласында Қазақстанның тек өршіл мақсаттары ғана емес, ғарыштық технологияларды кеңінен пайдалану үшін тиісті экономикалық және техникалық мүмкіндіктерінің де бар екенін атап өтті. Сонымен бірге, ғарыш саласы экономиканың ең бір қымбат саласының бірі болғандықтан, оған мемлекет тарапынан жүйелі көзқарас және бақылау қажет.

Қазақстан Президенті Үкіметтің алдына ғарыштық жобаларға тартылған мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестірудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету міндетін қойды.

Қазақстанның ғарыш саласындағы басты әріптесі Ресей екенін, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру басымдығы бар міндет болып саналатынын айрықша атап өтті.

Ғарыш секторын тиімді дамыту үшін дайындықтан өткен кадрлар қажет болатындығы айтылды. Соңғы жылдары Ресейдің және өзге де озық ғарыштық державалардың жетекші техникалық жоғары оқу орындарында көптеген қазақстандықтар тиісті дайындықтан өтті. Үкімет мұндай мамандардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етіп, тиімді жұмыс үшін оларға қажетті жағдайларды жасауға тиіс.

Ғарыштық жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалануға бақылау жасауды күшейту мәселесі арнайы талқыланды.

Жалпы, Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға азық-түлік қауіпсіздігі мен елдің ғарыш саласын дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар