Қазақстанның халықаралық істердегі артып отырған ролі саясат пен экономикадағы жетістіктермен байланысты - Париждегі салтанатты қабылдау

Бұл туралы Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесінің 18 жылдығына орай Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Парижде ұйымдастырған салтанатты қабылдауға қатысушылар айтты.
Шара аясында еліміздің жас ордасы, Қазақстан халықтарының мәдени көптүрлілігі, діни және ұлысаралық келісімі, елдің туристік әлеуеті туралы баяндайтын фотокөрме ұйымдастырылды. Ғарышты бейбіт мақсатта игерудегі Қазақстанның ролі және Француз Президенті Николя Саркозидің ағымдағы жылдың күзінде Астанаға жасаған мемлекеттік сапары туралы деректі фильм көрсетілді.
Жиналған қауымның алдында танымал француз әншісі және композитор Жильбер Монтанье, сондай-ақ Францияның музыкалық оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер өнер көрсетті.
Қазақстанның Тәуелсіздік күнін тойлауға француз Парламентінің депутаттары, сыртқы саяси және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары, Фонтенбло және Ножан-сюр-Марн қалаларының, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың, француздық және халықаралық компаниялардың басшылары, мәдениет және кино қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.