Қазақстанның ішкі нарығындағы ресейлік және беларустық қанттың бәсекелестігі артады - Ж. Айтжанова

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қант қамысына жоғары баға үдерісі сақталып қалмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қант бағасы бойынша үдерістерді біз бақылап отырмыз. Бізде бағаға әсер ететін бірқатар факторлар бар. Бірінші кезекте, қант бағасы әлемдік нарықтардағы қант қамысының құнына байланысты», - деді Ж. Айтжанова.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жыл мен биылғы жылдың басында қант бағасын төмендету тұрғысында қант қамысы нарығы қолайсыз болып тұр. «Атап айтқанда қант қамысын өндіретін Мексикада, Үндістанда климаттық проблемалар болды. Сондай-ақ ірі көлемде өндіретін Бразилия да қамысты биоэтанол шығаруға пайдалануда. Сондықтан халықаралық агенттіктің болжамы бойынша қант қамысына жоғары баға үдерісі сақталып қалмақ», - деді Ж. Айтжанова.

«Бізде сәуірдің 1-іне дейін қанттың тасымалдануына көлемдік квота іске асырылған болатын. Яғни, 50 мың тонна көлемінде қантты елімізге тасымалдауға рұқсат етілген болатын. Бұл еліміздің кондитерлері мен басқа да өндірушілер ТМД мемлекеттерінен баж салығын төлеместен қантты тасымалдауға негізделген болатын. Бірақ, бұл шектеуге сәуірдің 1-інен бастап тыйым салынды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, өз кезегінде бұл шара еліміздің ішкі нарығындағы ресейлік және беларустық қанттың бәсекелестігін арттырады. «Атап айтқанда, бұл мамыр және маусым айларындағы бағаға әсер ететін болады», - деді ведомство басшысы.

Қазақстанның қант өндірушілері алыс шетелден импортталатын қант қамысына тәуелді екенін жеткізген ол, Кедендік одақты құру аясында қант қамысының импортына Қазақстан 10 жылға нөлдік кедендік баж салығын қолдануға құқылы екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар