Қазақстанның қаржы полициясы 2009 жылы 1600-ден астам жемқорлық қылмысты анықтады - агенттік төрағасы Қ.Қожамжаров
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров Еуропарламентте жемқорлықпен күресудің қазақстандық тәжірибесін таныстыруға қатысушылар тарапынан қойылған сауалға берген жауабында осындай мәлімет келтірді.
Оның айтуынша, өткен жылы бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов, 5 вице-министр, 7 судья, 44 түрлі деңгейдегі әкімдер, 58 құқық қорғау органдарының қызметкері, сондай-ақ Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің 31 өкілі сотталған. Жауапқа тартылған басқа тұлғалардың 43 пайызы аудандық, қалалық және облыстық буын басшылары, яғни департаменттердің басшылары, олардың орынбасарлары, басқармалар мен аудандық бөлімдердің басшылары.
Сондай-ақ, 2010 жылдың алғашқы үш айында қаржы полициясы лауазымды тұлғаларға қатысты 400-дей қылмыстық іс қозғап отыр, олардың қатарында республикалық деңгейдегі комитеттердің екі төрағасы бар.
«Бұл статистика 2009 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге артық», - деп атап көрсетті агенттік төрағасы өз сөзінде.
Қаржы полициясы сондай-ақ өз қатарындағы жемқорларды анықтау жұмыстарын жүргізуде. «Тек қана ағымдағы жылы біз пара бопсалау, лауазымдық қызметтерін асыра пайдалану және жалған айғақтар жасау фактілері бойынша қаржы полициясының қызметкерлеріне қатысты 5 қылмыстық іс қозғадық», - деп атап көрсетті Қ.Қожамжаров.