Қазақстанның кедені дүниежүзілік сауда қоғамдастығында қабылданған стандарттарға барынша сай - Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті басқармасының бастығы

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті басқармасының басшысы, Кеден қызметін дамыту жобасын басқарушы топтың жетекшісі Нұргүл Досмұратова қазақстандық журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы қарсаңында, республиканың кеден органдарының қызметімен байланысты мәселелер оның Ұйымға кіруіне кедергі болмайды. «Қазіргі таңда біз кеден органдарын жаңарту, кедендік операцияларды түрлендіру мәселелерімен айналысудамыз. Көптеген нормативтік актілер қабылданды, олардың қатарында Кеден одағының кодексіне сай келетін ҚР Кедендік кодексі де бар. Бұл құжат қайта қаралған Кеден амалдарын оңтайландыру туралы Киото конвенциясына сәйкес қабылданды», -деп атап көрсетті Н.Досмұратова.
Кедендік бақылау комитетінің өкілі осыған орай, Қазақстанның кеден органдарының әлемдік сауда қоғамдастығының стандарттарына сай болып қана қоймай, сыртқы сауда қызметін әкімилендіруге тартылған басқа мемлекеттік органдарды дамытуға локомотив бола алатындығына сенім білдірді.