Қазақстанның локомотив паркі заманға сай электровоздармен толықты

Бұл туралы «Локомотив» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
ВЛ-40 М сериясы берілген локомотивтердің жетілдірілуі «Локомотив» АҚ-ның тапсырысы бойынша Атбасардың электровозды жөндеу зауытында жүргізілді.
Локомотивтердің жаңартылған үлгісінің пайдалану мерзімі - 20 жыл. Электровоздардың дизайны заманға сай, техникалық сипаттары жетілдірілген, локомотив бригадаларының қауіпсіздігі мен жұмыстарының жайлылық жағдайы арттырылды. Электровоздың кабинасы еңбек қауіпсіздігінің талаптарына толығымен жауап беретін - қазіргі үлгідегі қауіпсіздік құрылғыларымен жабдықталды.
Тұсаукесер рәсімі барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі басқарушы директоры Қадыл Таласпеков атап көрсеткендей, жаңартылған локомотивтер маневрлік, шаруашылық және жолаушылардың қала маңы тасымалында пайдаланылатын болады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жылжымалы құрамының директоры Бақытжан Қуанышевтың айтуынша, ескірген локомотивтерді жаңарту - қалыптасқан әлемдік тәжірибе. Жаңартылған электровоздың құны жаңадан сатып алынған жолаушылар электровозынан үш есеге арзан.
Онымен бірге, электр энергиясының шығыны 50 пайызға азайып, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына шығындар 20 пайызға азаяды. Ұқсас машиналар Қазақстанның әр жерінде жұмыс істеп жатыр, соларға қарап бұл - тиімді техника екендігін айтуға болады.