11:47, 16 Сәуір 2011 | GMT +5
Қазақстанның мәдениет жылын Үндістанда өткізу жоспарланып отыр - Елбасы
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанның мәдениет жылын Үндістанда өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада Үндістанның Премьер-Министрі Манмохан Сингхтің ресми сапары аясындағы кеңейтілген келіссөздер барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Біз үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруды және бірлескен бизнес жобалар жұмыстарын жүргізуді келістік. Сондай-ақ біздің мемлекеттерді жақындастыру мақсатында Қазақстан мәдениеті жылын Үндістанда, ал Үндістан мәдениеті жылын Қазақстанда өткізуді уағдаластық», - деді Елбасы.
Мұнымен қоса Мемлекет басшысы парламентаралық, жастарға білім беру, техникалық даму, сондай-ақ Қазақстанды индустрияландыруды Үндістан компанияларының қатысуы тұрғысындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі сөз болғанын жеткізді.
«Осы мәселелер бойынша тараптарда бірыңғай пікір қалыптасып отыр», - деді Н.Назарбаев.
Сөз соңында Президент Үндістан Қазақстан үшін ынтымақтастық тұрғысында сенімді әрі маңызды әріптес ел екенін айтып өтті.