Қазақстанның машина жасау саласын дамытуға жаңа металлургиялық зауыт қажет болып тұр - М. Пішембаев
Машина жасау саласының бұдан ары қарай дамуындағы негізгі мәселе елімізде жоғары сапалы металдың өндірісін дұрыстауға байланысты екеніне тоқталған ол: «2014 жылы машина жасаушылар 2 млн. тоннаға жуық құрышты пайдаланды. Өкінішке орай, бұл металды біз толықтай импорттаймыз. Сондықтан да Қазақстандағы машина жасаушыларды сапалы жалпақ, сұрыптық және қалыптағы металдармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты «Тау-Кен Самұрық» компаниясына сапалы болат түрлерін жылына 1 млн. тоннаға дейін шығаратын электро-металлургиялық зауыттың құрылысы мәселесін қарастыруды тапсыру өтінішімен шығып отырмыз», - деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа қаратып айтқан сөзінде.
Оның сөзіне қарағанда, зауыттың құны 1 млрд. АҚШ долларына эквивалентті болуы мүмкін. Атап айтқанда, жыл сайын Қазақстанның машина жасаушылары импорт бойынша осындай қаржы шамасында сатып алатын көрінеді.
Өз кезегінде Б. Сағынтаев саланы жетілдіру бойынша М. Пішембаевтың пікірімен келісетіндігін айта келе, осы орайда қажет бағдарлама бойынша кеңесу керектігін атап өтті.
«Металл бойынша зерттеу керек. Әрине, 2 млн. тонна импорттың болғаны өте жаман. Сондықтан осы мәселемен айналысу қажет»,-деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.