Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қытайға ресми сапармен барды
Бейжіңге сапармен барған Қазақстанның Сыртқы істер министрін «Шоуду» халықаралық әуежайында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Икрам Адырбеков және Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілдері қарсы алды.
Бұдан бұрын хабарлағандай, сейсенбі күні түске дейін Қанат Саудабаевтың Қытайдың Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен келіссөзі жоспарланған, оның барысында тараптар қазақстан-қытай қарым-қатынастарының ағымдағы ахуалы мен перспективасын талқылайды. Сондай-ақ, Қазақстан министрі Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясының басшылығымен кездеседі.
Қытайға сапарының қарсаңында «Жэньминь жибао» басылымында жарияланған мақаласында Мемлекеттік хатшы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан мен Қытайдың арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ерекше тоқталған болатын.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің басшысы өз мақаласында атап көрсеткендей, біздің стратегиялық серіктестігіміздің негізгі компоненті ауқымды сауда-экономикалық өзара іс-қимыл болып табылады. «1992 жылдан бері Қазақстан мен Қытайдың арасындағы екіжақты сауда-саттықтың ауқымы 25 есеге артып, 2008 жылы рекордтық көрсеткішке - 17,5 миллиард долларға жетті. Қытай біздің экономикамыздың ірі инвесторларының біріне айналып отыр, оның біздің елге салған жалпы инвестициясы 9,3 миллиард долларға жуық. Біз сондай-ақ, маңызды инфрқұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бөлген 13,5 миллиард доллар қаржылай қолдауы үшін де Қытайға ризамыз. Қазақстанның жаһандық қаржылық дағдарыстың теріс салдарын аман-есен еңсеруінде осынау қадам маңызды роль атқарды», делінген мақалада.