Қазақстанның өнер жұлдыздары су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға қайырымдылық көмек үшін арнайы қозғалыс құрды

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Мамырдың 10 күні Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Қазақстандық эстрада жұлдыздары Батыс Қазақстанға көмек көрсетеді» атты концерт өтеді.
None
None

Бұл туралы бүгін бір топ өнер жұлдыздары арнайы өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Концертке Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, «Жетіген» тобы, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, Донеділ Қажымов, Гүлнар Дәукенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Сембек Жұмағалиев, Айгүл Қосанова, Нұрлан Абдулин, Жеңіс Ысқақова, Медеу Арынбаев, Рүстем Нұржігіт және тағы басқа да белгілі эстрада жұлдыздары қатысады.

«Батыс Қазақстандағы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Біз аталған концерттен түскен қаржыны су тасқынынан зардап шеккен бауырластарымызға аударамыз. Алайда бұл жеткіліксіз болуы да мүмкін. Сондықтан қоғам мүшелерін - кәсіпкерлерді, ақын-жазушыларды, саясаткерлерді аталған акцияны қолдауға, батысқазақстандықтарды қолдауға шақырамыз. Естеріңізде болсын! Мемлекеттік парыз бар, бұнымен қатар азаматтық парыз да болуы керек. Қазір мемлекет тарапынан азды-көпті көмек жасалуда, алайда бүкіл қоғам болып көмек қолуын созуымыз керек», - деді белгілі композитор Донеділ Қажымов.

«Батыс елдерінде бұндай апаттарға қоғамның барлық мүшелері қол созады. Олардың басында өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым бұндай төтенше жағдайда көмек көрсетуді парыз деп біледі. Біздің елде де осы қайырымдылық шараларын жолға қою керек. Алдағы шара соның басы болады», - деді белгілі музыкант Марат Бисенғалиев. Ол өз тарапынан жақында жарық көрген «До-Ре» атты кітабы мен соңғы музыкалық жинағынан түскен қаржыны толықтай жерлестеріне жіберетіндігін атап өтті.

Өнер жұлдыздары қайырымдылық шарасының концертпен аяқталып қалмайтындығын, болашақта да жалғасын табу үшін «Бескорыстие» атты қозғалыс құрғандарын атап өтті. Қозғалысқа өнер, кино, театр қайраткерлері, әншілер, музыканттар, кәсіпкерлер кірген. Қозғалыс жетекшілері қатарында Майра Құрманғалиева, Мұрат Әуезов, Донеділ Қажымов, Арман Дүйсенов, Баян Есентаева, Әлішер Сүлейменов бар. Аталған қозғалыс алдағы уақытта да қаржы жинап Батыс Қазақстанның ауылдық жерлерінде зардап шеккен тұрғындардың тұрғын үйлерінің қалпына келуіне, жаңа үйлердің салынуы мен мал-мүлік, тұрмыстық техника алуына көмектеспек.

Соңғы жаңалықтар