Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде «Москва Гумбольдт» Ротари-клубының мүшелерімен кездесу өтті

Басқосуға «Москва Гумбольдт» Ротари-клубтың мүшелері, Австрия, Германия, Швейцария елдерінің іскер топ өкілдері, сондай-ақ қазақстандық дипломатиялық миссияның қызметкерлері қатысты.
Алғысөз сөйлеген Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесші-елшісі Самат Ордабаев, Қазақстанның сыртқы саясатында еуропалық бағыттың басым бағыт екенін атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан Еуроодақпен тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. «Қазақстанда саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша еуропалық елдермен өзара іс-қимылдарды тереңдетуге бағытталған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», - деді С.Ордабаев.
Кеңесші-елшінің айтуынша, Қазақстан мен Еуроодақтың арасында өзара іс-қимыл үшін мол әлеует бар, ең алдымен экономикалық салада. Дегенмен, қазіргі уақытта ол әлеует толық игерілмей отыр. Оның негізгі себептерінің бірі - қолданыстағы визалық режим. Осыған байланысты С.Ордабаев, қазақстандық тараптың еуропалық бизнес-топтардың өкілдері - Ротари-клуб мүшелерін - Қазақстандағы қолданыстағы визалық режимнің негізгі сипаттарымен таныстырып, тараптардың арасындағы визалық амалдарды оңтайландыруға бағытталған өзара іс-қимылдарды әзірлеу бастамасын көтеріп отырғанын атап көрсетті.