Қазақстанның Сауда - өнеркәсіп палатасы, Орталық Азиядағы ең ірі көрме-сауда кешенін сатып алды

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның Сауда - өнеркәсіп палатасы, Орталық Азиядағы ең ірі «Көрме» көрме-сауда кешенін сатып алды. Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты Астанада өткен баспасөз мәслихатында сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан Қожасбай мәлім етті.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, жалпы көлемі 30 мың шаршы метрді құрайтын аталмыш кешен көрме шарасын ұйымдастыруға өте ыңғайлы. «Бүгінгі оқиғаны сауда-өнеркәсіп палатасы үшін айтулы деуге болады. Өйткені бүгін біздің палатамыз алғаш рет өзінің жеке ғимаратының иесі болып отыр. Естеріңізде болса, өткен жылы біздің қызметімізге байланысты заңға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, Сауда-өнеркәсіп палатасы елдегі көрме шараларын реттеу қажет болатын. Бұл біздің бұған дейінгі басты қызметтеріміздің бірі болып келді. Алайда біз бұл қызмет түрін түрлі себептерге байланысты дамыта алмадық. Енді бүгін осы мүмкіндікті жүзеге асыратын кез келді. Біз аталмыш меншікті өзіміздің еншілес ұйымымызға, яғни «CCI Expo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырамыз. Ол біздің кешендегі көрме алаңдарының операторы болады», деді палата президенті.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш көрме алаңдарында, яғни жалпы саны 30 мың шаршы метр аймақта 2 көрме павильоны бар. Олардың аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды. Мың шаршы метрді алып жатқан конгрес-хол бар. Сондай-ақ тағы ірі көлемдегі конференциялар ұйымдастыруға арналған тағы 6 алаң бар. Кешен соңғы технология бойынша салынған. «Біз жыл соңына дейін мұнда ұзын-саны 30 шара ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Кешенді біз несиеге сатып алдық. Бұл 7 жылға бағытталған несие. Банктің бізге қолғабыс еткен себебі көрме біздің негізгі қызметімізге жататын салалардың бірі. Біз бұл жұмысты өзгелерден әлдеқайда сапалы орындай аламыз», деді Е.Қожасбай.

Өз кезегінде осы мәселеге байланысты сөз сөйлеген Экономикалық даму және сауда министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі оқиғадан соң Сауда-өнеркәсіп палатасы жаңа көрме операторларының пайда болуына ықпал етеді. Бізде көрме компаниялары жеткілікті. Бірақ олар әлі де болса әлсіз. Өйткені олардың не көрме павильондары, не тиісті құрылғылары жоқ. Оның үстіне оларда ірі көлемдегі көрмелерді өткізетін қаржылары да жеткіліксіз. Соның салдарына қазір елде ұйымдастырылатын бірлі-жарым ірі көрмелерді мемлекет қаржыландырып жүр. Ал Сауда өнеркәсіп палатасы осындай олқылықтардың орнын толтырып, елдегі көрме компанияларының дамып, жетілуіне ықпал етеді деген үміт бар», деді министрлік өкілі.

Соңғы жаңалықтар