Қазақстанның шет елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына 20 жыл толуына орай көркемсуретті почта маркасы айналымға енгізілді
«Бүгін отандық дипломаттардың кәсіби мерекесіне орай «Қазпочта» керемет сыйлықты тарту етіп отыр. Сол үшін «Қазпочта» басшылығымен осы марканы дайындауға қатысқан қызметкерлерге алғысымды білдіремін»,-деп атап өтті шара барысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Почта маркасында ҚР Президенті, күн сәулесі астында қалықтаған қыран бүркіт, мемлекеттік байрақтың фонында Қазақстанның шекаралық рельефі бейнеленген. Көркем сурет блогының жиегінде Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің тулары бейнеленген.
Қазақстан Республикасының басқа шетелдік мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасының 20 жылдық мерейтойына арналған «Ұмытылмас және мерейтойлық даталар» сериясының бірінші блогын жасауға 22 карат алтынды өрнектеу технологиясы қолданылған. Ал екінші блогын дайындауда алтын түсті металл қаңылтырмен өрнектеу технологиясы қолданылған. Екі блок та 10 мың данадан жарық көріп отыр. Алғашқысының құны 900 теңге болса, екіншісі 250 теңгені құрайды. Дизайнері Қуат Ибрайшин.