Қазақстанның сыбайлас жемқорлық саласындағы ұлттық заңнамасы әлемдік стандарттарға жақындап келеді - ЕҚЫҰ өкілі

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан сыбайлас жемқорлық саласындағы ұлттық заңнамасын әлемдік стандарттарға жақындатып келеді.
None
None

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды, стратегияларды жасау және іске асыру саласында тәжірибе алмасу» атты халықаралық семинарда Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер осылай мәлімдеді.

«ЕҚЫҰ мен оның 57 мүшесінің барлығы тиімді басқару шараларының қоғамның толықтай гүлденуіне, тұрақтылық пен қауіпсіздікке сеп болатынын алға тартады. Бұл ретте экономикалық және қауіпсіздік мәселелерінің өзара байланыстылығы ЕҚЫҰ жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Расында да, сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Сондықтан да, жемқорлықпен күрес елдер арасындағы һәм елдің өз ішіндегі саяси ерік-жігермен қатар, өзара тығыз байланыстарды да талап етеді. Бұл ретте мемлекеттің жеке сектормен, азаматтық қоғаммен кең ауқымдағы ынтымақтастығы маңызды», - дейді Ж. Клетцер.

ЕҚЫҰ өкілінің айтуына қарағанда, жемқорлықпен күресте халықаралық ынтымақтастықты өңірлік және жаһандық деңгейде арттырудың да маңызы зор.

«Қазақстан сыбайлас жемқорлық саласындағы ұлттық заңнамасын әлемдік стандарттарға жақындатып келеді. Бұған Қазақстанның БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялағаны, Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың Ыстамбұл жоспарына қосылуы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы шараларды қамтитын әлемдік желіге қосылуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, осы елде мемлекеттік әкімшіліктік-құқықтық жүйені реформалау жұмыстары да оңтайлы жүзеге асуда. Сондықтан да, өзінің мандаты аясында ЕҚЫҰ Орталығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды қамтитын ұлттық бағдарламаның жүзеге асырылуына қолдау білдіреді», - деді Ж. Клетцер.

Сонымен қатар, Орталық өкілі ЕҚЫҰ сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында бұдан әрі де жан-жақты қолдау шараларын жалғастыра беретініне сендірді.

Соңғы жаңалықтар