Қазақстанның сыртқы саясаты ешқашанда геосаяси аңғалдықтан зардап шеккен жоқ - Елбасы

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Қазақстан үшін әлем дамуындағы басты трендтердің арнасымен жүру әрқашанда да маңызды болғандығын атап өткен Елбасы: «Біздің сыртқы саясатымыз ешқашанда геосаяси аңғалдықтан зардап шеккен жоқ. Сондықтан да 21 ғасырдағы экономика мен саясаттың мегализациялану үдерісін ескере отырып, біз еуразиялық ықпалдастықты тереңдетеміз. Қазақстан, Беларусь және Ресей көп әңгіме болған Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырды. Тағы бір мәрте баса айтамын. Бұл - нақты экономикалық кеңістік, біз экономикалық одаққа қадам басамыз», - деді.
Мемлекет басшысының пайымынша, еуразиялық ықпалдастық - бұл өңірлік тұрақтылықтың, өңірдегі елдердің бәсекеге қабілеттілін арттырудың, маңызды факторы.
«Осы келісімдердің негізіндегі 1,5 жылдық жұмыс іс жүзінде бұл бірлестіктің барлық мемлекеттер үшін тиімді екендігін көрсетті», - деді Н.Назарбаев.