Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 15 пайызын Қытаймен сауда-саттық құрайды - Мәжіліс Төрағасы
«Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы еліміздің барлық сыртқы сауда айнылымының 15 пайызын құрайды. Біз энергетика, оның ішінде мұнай мен газ құбырларын әртараптандыру жұмысында маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Қазақстан Қытай бағытына мұнай құбырларын тартуға көп көңіл аударып келеді. Бұдан бөлек, атомды бейбіт мақсатта пайдалану, транспорттық жүйені дамыту мәселесінде оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. 2013 жылы Қорғас-Жетіген теміржолының екінші тармағы бітеді, 2012 жылы трансеуропалық автокөлік дәлізі саналатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аяқталады», - деді О. Мұхамеджанов.
Сонымен бірге, Төраға жаһандық экономикадағы рецессия Қытай мен Қазақстанның даму қарқынына соншалықты қатты әсер етпегенін айтып өтті. Дегенмен, Мәжіліс спикерінің айтуынша, әлемдік дағдарыс көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға түзетулер енгізген. Жаһандық күйзеліс салдарынан екі ел арасындағы тауар айналымы да біршама қысқарған.
«Жақын аралықта сауда-экономикалық байланыстарды дағдарысқа дейінгі кезеңге көтереміз дегенге сенім мол. Тіпті, алдағы қарқынды болжасақ, екі елдің экономикалық қатынасы дағдарыс кезеңіндегі деңгейдің орнын толтырып кететіні байқалады», деді О. Мұхамеджанов.