13:01, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары Кеден кодексіне енгізілуі тиіс өз ұсыныстарын дайындады
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы «Есіл» қонақүйінде Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары жаңа Кеден кодексінің жобасына өз ұсыныстарын енгізу мақсатында дөңгелек үстел өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Дөңгелек үстелге ҚР Кедендік бақылау комитеті, құзырлы министрліктер мен ведомстволар өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары мен бизнес-қауымдастықтар қатысты. «Қазақстан Кедендік рәсімдерді жеңілдету және оны үйлестіру туралы халықаралық хаттаманы (Киото хаттамасы) ратификациялады. Сондықтан оның қағидаттары біз үшін бастапқы маңызда болуы тиіс. Өйткені осы хаттамаға сәйкес көптеген елдер аса тиімді жұмыс жасап отыр. Сондай-ақ ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік мәселелерге қатысты бірегей құжат дайындалып жатқаны белгілі. Құжат үстіміздегі жылғы мамыр айында талқыланады деп жоспарлануда. Осыған қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай болатыны маңызды», - деді Қазақстан тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының президенті Николай Радостовец.ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевтың айтуынша, бүгінде экспорттық-импорттық операцияларды орындау бойынша Қазақстан "Doing Bussines" рейтингісінде ең соңғы қатарға орналасып отыр. Өйткені сыртқы экономикалық қызметтерге қатысушыларға тексеріс тым қатаң және қағазбастылық өте көп. «Сондықтан Кедендік кодекс бұл мәселелерді шешіп беруі тиіс», - деді ол. Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары кедендік рәсімдеулердің уақыты мен ұсынылатын құжаттардың тізімін азайту, уақытша сақтау орындарының техникалық жарақтандырылуына қатысты жаңа талаптарды әзірлеп, оларда тауарларды сақтау мерзімін арттыру және тағы басқа да ұсыныстарды дайындап, заң жобасын әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобына жолдады.