Қазақстанның төрағалығымен ИКҰ Экономикалық, әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі комиссиясының 34-ші сессиясы болып өтті -Жидда

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - 24-26 сәуір аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровтың төрағалығымен Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) Экономикалық,
None
None

әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі комиссиясының 34-ші сессиясы болып өтті. Бұл туралы сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталмыш кездесу - Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіндегі төрағалығының шеңберіндегі алғашқы шара. Сессия отырысына қатысушылар жазда Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының қорытындысы бойынша қабылданатын, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше-мемлекеттер арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін қамтитын қорытынды шешімдердің жобаларын талқыға салды.

Кездесу аясында Ұйымның 57 мүше-мемлекеттерінің өкілдері қазақстандық бастамаларға қолдау көрсетті. Осылайша, Семей ядролық полигонының жабылуына 20 жыл толуы, ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн және Арал теңізі аймағын қайта жандандыру туралы жоба шешімдері көтерілді.

Сондай-ақ, Комиссия жұмысы шеңберінде «Орталық Азия - ИКҰ» форматында ынтымақтасу мәселесі жөнінде жоғары деңгейлі кездесу өтіп, оның барысында Ұйымның Орталық Азия аймағы елдерімен ынтымақтасу жөніндегі іс-қимыл Жоспарының жобасы қарастырылды.

Қазақстандық делегацияның басшылығымен ИКҰ субсидиарлық органдары мен институттары Бас Ассамблеясының сессиясы өтті. Форум алаңында Қ.Омаров ИКҰ Бас хатшысы Экмеледин Ихсаноглумен кездесу өткізді. Кездесу барысында Біздің еліміздің ИКҰ-мен ынтымақтастық мәселелері туралы, сонымен қатар өзекті аймақтық және халықаралық күн тәртібі, атап айтқанда Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы соңғы жағдайлар жөнінде пікір алмасты.

Қ.Омаров әңгімелесуші тарапқа біздің еліміздегі кезектен тыс президент сайлауына бақылаушы ретінде ИКҰ Бас хатшылығының жоғары деңгейлі делегациясын жібергеніне алғысын жеткізді.

ИКҰ жетекшісі өз кезегінде Қазақстанның 20 жыл тәуелсіздігінде қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалап, оның Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Және Президент Н.Назарбаевтың сайлаудағы сенімді жеңісі - оның саясаты халықтан қолдау тауып отырғандығының тағы бір айғағы.

ИКҰ жетекшісі Қазақстанның - алғашқы мұсылман елінің және ИКҰ мүшесінің - ЕҚЫҰ-ындағы жемісті төрағалығын ескере отырып, Қазақстан Батыс пен Ислам әлемі арасындағы үнқатысудың көпіріне айналуы мүмкін екендігін атап өтті. Оның пікірінше, ИКҰ СІМ Кеңесінің Астанада өтуі бүкіл ислам әлемінде ерекше маңызға ие.

Осы орайда Қ.Омаров Астана ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың әрі қарай дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін атай отырып, «Қазақстан ЕҚЫҰ-да төрағалық етуші «үштіктің» мүшесі бола тұра батыс өркениеті мен ислам әлемін өкілеттілік ететін екі халықаралық ұйым, ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында әлі де жұмыс атқара береді»,-деді.

ИКҰ шеңберіндегі ықпалдастықты қозғай отырып, Э.Ихсаноглы Ұйымның жемісті қызметіне бірқалыпты және конструктивті түрде атсалысып отырғаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Осыған орай, халықаралық аренада үлкен беделге ие Қазақстан елі ИКҰ жұмысының тиімділігіне айтарлықтай ықпал жасайтынына сенімін білдірді.

Соңғы жаңалықтар