Қазақстанның Тұрақты өкілі Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар басшыларына сенім грамоталарын тапсырды

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов бірқатар халықаралық құрылымдар басшыларына сенім грамоталарын тапсырды,
None
None

деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Қайрат Әбдірахманов 14 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Веналық бөлімшесінің Бас директоры, БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Атқарушы директоры Юрий Федотовқа сенім грамотасын табыс етті. Әңгіме барысында тараптар ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, жемқорлық және терроризммен күрес жөніндегі өзара ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады.

Ю.Федотов БҰҰ Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Есірткі құралдары мен психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталықазиялық аймақтық ақпараттық және үйлестіру орталығын құруға еліміздің салған ерікті үлесі және Қырғызстанның есірткіге бақылау жасаудың ұлттық жүйесін күшейту жөніндегі бағдарламаны қолдағанын алғыспен атап өтті. Қазақстанның жобаларға бұдан былай да қатысатындығына сенім білдірді.

Ю.Федотов, сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің басшысы болып тағайындалуымен біздің елімізді құттықтады. Бұл Қазақстанның көпжақты ынтымақтастық саласындағы зор еңбегінің көрінісі, деп бағалады ол.

Қ.Әбдірахманов, сондай-ақ, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Бас директоры Юкия Аманоға да сенім грамотасын тапсырды. МАГАТЭ басшысы Қазақстанның ғаламдық ядролық таратпау және қарусыздану үдерісіндегі орасан ролін жоғары бағалады. Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық МАГАТЭ үшін ерекше маңызға ие және қазіргі кезде өзара іс-қимылды кеңейтуге жақсы мүмкіндіктер бар.

Қайрат Әбдірахманов 19 сәуір күні Қазақстанның Тұрақты өкілінің сенім грамотасын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Тибор Тотқа тапсырды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының өзара өзекті мәселелерін талқылады.

Қ.Әбдірахманов біздің елдің Шарттың күшіне ену процесін жылдамдату ісіндегі белсенді роль атқара беретінін айрықша атап өтті. Шартқа сәйкес, Қазақстан аумағында орналасқан барлық мониторинг станциялары (төртеуі сейсмикалық, біреуі инфрадыбыстық) Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының сертификациясынан өтті және Ұйымның Венадағы Халықаралық мәлімет орталығына тиісті ақпаратты жіберіп отыратын болады.

Өз кезегінде Т.Тот Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздікке қосқан тарихи үлесін, сондай-ақ, біздің елдің Ұйым қызметінде және оның әлеуетін арттыруға қатысуын атап өтті.

2011 жылы Қазақстанда болатын Семей сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған ірі халықаралық іс-шаралардың өткізілеті туралы және 29 тамызда Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні атап өтілетіні туралы ақпарат халықаралық ұйым басшыларының айрықша ықыласын аударды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум