Қазақстанның түркітілдес әлеммен ынтымақтастығы оның сыртқы саясаттағы мүдделерінің ішінде барынша маңызды орынға ие - О. Мұхамеджанов

Өз сөзінде төраға Қазақстан Президентінің және басқа да түркітілдес мемлекеттер басшыларының игі бастамалары арқасында түркі тамырластығы идеясы жаңа серпінге ие болғанын, тың мазмұнмен толыққанын атап өтті. Оның айтуынша, 2009 жылдың қазанындағы Саммитте жаңа жалпы түркі бірлестігі - түркітілдес ынтымақтастығының кеңесі құрылды. Түркі кеңесінің аясында ақсақалдар кеңесі де өз жұмысын бастады. Ал, тарихы, діні, тілі ортақ бауырлас мемлекеттер парламентшілерін біріктірген ТүркПА осы игі істерді жалғастырып келеді.
«Астанада Түркі академиясын ашу туралы шешім бүкіл түркітілдес елдердің барлығы үшін маңызды оқиға болды. Ол білім беру мен мәдениеттің жалпы түркілік орталығы болып қана қоймай, елдеріміздің тарихын, этнографиясы мен өнерін зерделейтін өзіндік «шеберханаға» айналмақ. Оның үстіне бізді ортақ мәдениет пен тарих қана жақындастырып қоймайды, бүгінгі таңдағы мүдделеріміздің де ортақ екенін бәріміз терең түсіне бастадық. Тұтастай алғанда Қазақстанның түркітілдес әлеммен ынтымақтастығы оның сыртқы саясаттағы мүддерінің ішінде барынша маңызға ие»,-деді О. Мұхамеджанов.