Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Анталия басшылығы және бизнес-топтармен кездесулер өткізді

деп хабарлады Елшіліктің баспасөз қызметі.
Аталған іс-шаралар шеңберінде Түркиядағы Қазақстан Елшісі Жансейіт Түймебаев 5-6 мамырда Түркияның жетекші провинцияларының бірі болып табылатын Анталияға жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында провинция губернаторы Ахмет Алтыпармақпен, Анталия қаласының мэрі Мұстафа Ақайдынмен, қауіпсіздік басқармасының бастығы Әли Йылмазбен, сауда-өнеркәсіптік палата төрағасы Осман Будакпен, сондай-ақ бизнес-топтар, БАҚ өкілдерімен және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер өткізілді.
Губернатор А.Алтыпармақ кездесу барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктері мен табыстарына қанағаттанғандық білдіріп, Қазақстан лидерінің: Түркі кеңесі, Парламенттік ассамблея, Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар Кеңесі және Астанадағы Түркі әлемінің академиясы тәрізді түркітілдес құрылымдарды құрудағы ерекше рөлін атап өтті. Ол провинцияның Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығын тойлауға және Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастарды дамытуға шамасы келгенше үлес қосуға әзір екендігін атап өтті.
Анталия қаласының мэрі М.Ақайдынмен екі елдің экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы бойынша мәселелер талқыланып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың маңызды әлеуетіне назар аударылды.
Қауіпсіздік басқармасының бастығы А.Йылмазбен кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықтың аспектілері, оның ішінде қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Провинция сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы О.Будакпен кездесу барысында Ж.Түймебаев Қазақстандағы экономикалық және саяси жағдайға, қолайлы инвестициялық ахуалды дамыту жөніндегі шараларға, Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының Түрік бизнесмендеріне беретін кең мүмкіндіктеріне тоқталды және инвестиция салуға болатын басты салаларды, оның ішінде нақты инвестициялық жобаларды атап көрсетті.
Сапардың жалғасуы барысында Қазақстан Елшісі Анталия провинциясының бірқатар өнеркәсіптік нысандарын аралады. Атап айтқанда, «Адопен» компаниясының пластикалық бұйымдар шығаратын ірі зауыттарының бірінде болды, оның өнімі ЕО және ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жеткізіледі. Бұдан басқа, Ж.Түймебаев жылыжай шаруашылығының қызметімен танысты. Аталған шаруашылық пайдаланатын құрал-жабдықтар электр қуатын үнемдеуге барынша мүмкіндік туғызады, су және адам ресурстары шығындарын қысқартады, бір мезгілде жылына 4 рет сапалы биоөнім жинауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Елші «Ақтеңіз» университетінде болып, университеттің академиялық және оқытушылық құрамымен кездесті, студенттерге дәріс оқыды.
«Ақтеңіз» мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Исрафиль Куртжепхемен кездесу барысында университеттің Түркі Академиясының жұмысына қатысуы, сондай-ақ «Ақтеңіз» университеті мен қазақстандық университеттер арасында мамандармен, оқытушылармен және студенттермен алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ж.Түймебаев университет студенттеріне оқыған дәрісінде Қазақстанның ішкі саяси ахуалы, негізгі сыртқы саяси бастамалары және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы егжей-тегжейлі баяндады және Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды.
Сапардың негізгі оқиғаларының бірі - провинцияның жетекші бизнесмендері мен өнеркәсіпшілерінің қатысуымен өткен бизнес-ланч. Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елші тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері туралы ақпарат берді. Ол аймақтың өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерді Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы Индустриялық-инновациялық жеделдетілген мемлекеттік бағдарлама шеңберінде еліміздегі инвестициялық жобаларға белсене қатысуға шақырды. Екі ел әлеуетінің мүмкіндіктерімен кеңінен танысу мақсатында Қазақстан мен Анталия провинциясының жетекші кәсіпкерлерінің іскер форумын өткізуді ұсынды.
Аталған іс-шара шеңберінде суреттер көрмесі ұйымдастырылды және қазіргі Қазақстан туралы фильм көрсетілді.
Жұмыс сапараның қорытындысы бойынша Анталия провинциясының басшылығы мен академиялық топтары туризм, ауыл шаруашылығы, машина жасау және экономиканың басқа да салаларына инвестиция салуда қызығушылық білдіргендіктерін және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерделеу үшін елімізге баруға ниет танытқандығын атап өтуге болады. Жұмыс сапары ұлттық және жергілікті БАҚ-да кеңінен жария етілді.