Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Ыстамбұл форумына қатысты

Ыстамбұл форумы 2002 жылдан бері жыл сайын өткізіледі және түрік қоғамы мен ел экономикасын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған сұхбат алаңы болып табылады. Форумдар жұмысына Түркия мен шетелдердің белгілі саясатшылары, саясаттанушылары, ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдарының, кәсіподақтарының, іскер топтары мен БАҚ өкілдері қатысады.
Түркия Премьер-министрінің орынбасары - мемлекеттік министр Әли Бабажан, Түркия Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы, Экспортшылар одағының төрағасы Мехмет Бүйкекши, Құрылыс мердігерлік ұйымдары одағының төрағасы Ердал Ерен, Түркияда тіркелген шетелдік дипкорпус, әлемдік трансұлттық компаниялар, ірі түрік өндірістік кәсіпорындары мен компанияларының, банктердің, жетекші БАҚ өкілдері, оныншы форумның қатысушылары мен қонақтары болды.
Қазақстан Елшісі Ж.Түймебаев форумның «2023 жылға қарай Жібек жолы: Түркия мен Орталық Азияның қарым-қатынастары» атты арнайы сессиясының жұмысына қатысты.
Өз сөзінде Елші Ж.Түймебаев қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіздікке ие болған 20 жыл ішіндегі дамуының қорытындылары жайында, елде жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалар, Түркиямен екіжақты ынтымақтастық туралы хабардар етті. Қатысушылар Қазақстанның Жеделдетілген индустриалды-инновациялық бағдарламасын іске асыру барысымен, қолайлы инвестициялық ахуалмен, экономикадағы перспективалы инновациялық жобалармен, еліміздің Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының қызмет ету жағдайларындағы инвестициялық мүмкіндіктерімен егжей-тегжейлі таныстырылды. Елші Ж.Түймебаев Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасының шикізат экспортынан жоғары қосымша құны бар дайын өнімнің экспортына өтуді қамтамасыз ететін ел өнеркәсібі дамуының негізі болып табылатынын атап өтті.
Елші Ж.Түймебаевтың сөзінде шетелдік және түрік инвестицияларын Қазақстан экономикасына тарту мәселесі басым болды. «Біз Түркияны маңызды стратегиялық әріптес ретінде қарастырамыз, сондықтан Қазақстан мен Түркияның экономикалық ынтымақтастығы бірлескен инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру арқылы күшейе түседі деп үміттенеміз», - деді Елші.