21:27, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі БҰҰ Вена бөлімшесінің бас директорына сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Ержан Қазыханов БҰҰ Вена бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ-ның есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Антонио Мария Костаға сенім грамотасын тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұдан кейін болған әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Венадағы халықаралық ұйымдардың өзара іс-қимылына қатысты мәселелердің кең ауқымын талқылады. Е.Қазыханов Қазақстан БҰҰ-ның ұйымдасқан қылмыспен, есірткінің заңсыз айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен күрестегі қызметін толық қолдайтынын атап өтті. Қазақстан Үкіметі елімізде және тұтастай алғанда аймақта осы пробемаларды шешу жөнінде мақсатты күш-жігерін жұмсап отырғаны аталып өтті. Қазақстандық өкіл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Дағдарыстан ? дамуға» Жолдауының негізгі қағидаттары туралы айтып берді. БҰҰ Вена бөлімі басшысының пікірінше, Қазақстанның қылмыспен және есірткімен күрес жөнінде барлық шараларды қолға алып жатқанын және өзінде Есірткімен күрес жөніндегі Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығын орналастырғанын атап көрсете отырып, халықаралық қоғамдастық жоғары бағасына ие болып отырғанын айтты.
Антонио Мария Коста Қазақстанның орталықазиялық аймақтағы жетекші рөлін атап өте отырып, Мемлекет басшысының аймақтағы ықпалдастық үдерістерді нығайта түсу, қауіп-қатерлерге бірлесе қарсы тұру және Ауғанстанға экономикалық көмек көрсету жөніндегі бастамаларын құптады.