17:41, 10 Қаңтар 2012 | GMT +5
Қазақстанның жағажай волейболшылары Шри-Ланкаға аттанып кетті
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда жағажай волейболынан Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарының дәрежелік іріктеу жарысына қатысу үшін Шри-Ланканың Коломбо қаласына аттанды.
Онда 21 қаңтарда іріктеу сынының 2-інші кезеңі басталады. Ел намысын ерлер арасында Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко, Алексей Кулешов пен Дмитрий Яковлев, әйелдер арасында Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова, Любовь Богату мен Бақтыгул Самаликованың жұптары қорғайды. Өңірлік додада Қазақстан мен Шри-Ланкадан бөлек ерлер арасында Иран мен Үндістан, ал әйелдер арасында Үндістан мен Мальдив спортшылары қатысады.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Денис Ровкиннің айтуынша, Азия конфедерациясынан Лондон Олимпиадасына ерлер мен әйелдер арасында бір-бір жұп қана жолдама алады. Қазақстандықтардың іріктеу сынының келесі кезеңіндегі басты қарсыласы - Австралия мен Жаңа Зеландия спортшылары болмақ.