13:58, 19 Сәуір 2011 | GMT +5
Қазақстанның жалпы алтын-валюта резерві 70 миллиард доллардан асты - Григорий Марченко
АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Ұлттық банкі резерві мен Ұлттық қордың активін қосқанда Қазақстанның жалпы алтын-валюта қоры 70 миллиард доллардан асты.
ҚР Ұлттық төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткен баспасөз брифингінде осылай мәлім етті.
«Валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Наурыздан кейін, Президент сайлауынан кейін девальвация болады деген қауесет бос сөз боп қалды. Теңге бағамының нығаюы жалғасуда. Дегенмен жыл басында алып-қашты сөзге сеніп доллар сатып алғандар шығыннан құтылу үшін девальвация туралы қауесетті бұдан ары да жалғастыра бермек», дейді Григорий Марченко. Оның айтуынша, шикізат бағасы жоғары болып тұрған кезде оның бұдан басқа еш себебі жоқ. 1999 жылдың 1 қазанында Ұлттық банкке ол алғаш рет төраға болып тағайындалғанда елдің алтын-валюта резерві 1,1 миллиард доларды құраған болатын. 12 жылда 70 миллиардтан асып отыр. Бұл ел экономикасы үшін үлкен жетістік.