Қазақстанның «Жасыл көпір» бағдарламасын еуропалықтар да қолдауда - БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 7-ші жалпы еуропалық конференциясы барысында бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш мәлім етті.
«Қазіргі таңда «Жасыл көпір» бағдарламасы өздерінің сауалдарына жауап берсе деген ниет танытып отырған жекелеген мемлекеттер де бар. Олар аталмыш бастаманың принциптері нақты ілкі жобалар бойынша екіжақты, тіпті үшжақты бағытта жұмыс істегенін қалайды. Қорыта айтатын болсақ, қазір «Жасыл көпір» бастамасының кейбір элементтері бойынша пікірталас жүріп жатыр», - деді Я. Кубиш.
БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының пікірінше, қазақстандық бастаманы нақты жобалар бойынша біртіндеп жүзеге асыруға болады.
"Қазіргі таңда кейбір халықаралық ұйымдар Астана бастамасына кіретін ілкі жобаларды қолдауға дайын. Бұл бастама сөз жоқ РИО-20 саммитінде талқыланады, талқыланып қана қоймай ол бойынша нақты жобалар да ұсынылады деген ойдамын. Жалпы «Жасыл көпір» бағдарламасының мән-маңызы «жасыл» технологиялар Еуропадан Азия елдеріне көшіп, осы өңірдің климаттық жағдайларына қоршаған ортаны ластамайтындай болып бейімделуі керек. Сонда ғана бұл үдеріс екіжаққа да тиімді болады", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапы 2012 жылы Бразилияда өтетін мыңжылдықтар Саммитінде осы «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынатынын айтқан болатын.