Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты - А. Баталов
« Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Мемлекет мәртебесінің айқындығында, қалыптасуы мен дамуында елдің болашақ бағытын белгілеп, даңғыл жолға сала алатын көшбасшының рөлі айрықша. Осы орайда тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Елбасының тұрақты даму мен жаңғыртуға, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көреген саясаты өзінің жемісін беруде. Астана қаласында өтетін әлемдік ауқымдағы ірі оқиға Бүкіләлемдік мамандандырылған «Expo-2017» көрмесі - соның бір жарқын дәлелі. Бұл Қазақстан әлеуетінің зор, беделінің биік екенін көрсетеді.
Бүгінгі күні әлемдік дағдарыс жағдайында ел Президенті қазақстандықтардың тұрмыс-жағдайының оңды болуына бар күш-жігерін жұмсауда. Бұл бағытта Елбасы жаңа экономикалық саясатты айқындайтын «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Осы құнды құжаттар бізге ғаламдық сынақты лайықты еңсеріп, ел экономикасының тұрақтылығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жаңа заманға сай озық технологияны қолдану, дәстүр жалғастығы мен ел ынтымағы мемлекет дамуының негізі, бұдан әрі өсіп-өркендеуіміздің кілті болып отыр. Президентіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы сындарлылығының арқасында халықтың түзу тірлігі мен бекем бірлігін, сонымен қатар әлемдік аренадағы бітімгершілік беделін сақтап қалатынымызға сенімдіміз. Бұл іргелі істерге Алматы облысының тұрғындары да өз үлестерін қосатын болады.
Құрметті жетісулықтар!
Осы айтулы мерекеге арналған жылы лебізім мен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз ырысты болсын. Барлық арман-мақсаттарыңызға жетіп, ортақ Отанымыз - Қазақстанның өркендеуі жолындағы еңбектеріңіздің жемісін көруге тілектеспін», - деп жазылған құттықтауда.