«Қазақты «ұлы ұлт» ететін қыруар байлығы емес...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 11-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір тапсырмасы Қызылжар өңірінде орындалды. Ол - "Қызылжар-1300" деп аталатын астық комбайнының құрастырылуы. Жоба жуырда жүзеге асып, су жаңа он техника өз иелерін тапты. "ҚазБелагропроммаш" бірлескен кәсіпорны" ЖШС-ның ашылу салтанатына жиналғандарды отандық ауылшаруашылығы техникаларының бәсекеге қарымды қырлары ерекше қызықтырды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Қызылжар» комбайны шығарыла бастады» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ЖШС келешекте жылына 250 комбайн құрастыруды межелеп отыр. Бір комбайнның бағасы 17 миллион теңгені құрайды. Ресейдікіне қарағанда 5 миллион теңгеге арзан. Сонымен қатар үш деңгейлі тазарту масақтан дәннің толық алынуына, 260 аттық күші бар қуатты мотор бір сағатта 12-14 тонна астық тазартуға мүмкіндік береді. Кабина кондиционермен, компьютермен жабдықталған.

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, депутаттардың талқысына бірқатар халықаралық құжаттарды бекітуді көздейтін заң жобалары ұсынылатын болды. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы", "Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы", "Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Еуропа Инвестициялық Банкі арасындағы Еуропа Инвестициялық Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобалары палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне ұсынылды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен телефон арқылы сөйлесті. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары әңгіме барысында үстіміздегі айға жоспарланып отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға ресми сапарына дайындық және өткізу мәселелерін талқылады. Тараптар алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер Астана мен Киев арасындағы үнқатысуды тереңдетуге және кеңейтуге жаңа маңызды серпін қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ желтоқсанның 1-2 күндері елордада өтетін ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібі мәселелері қаралды.

***

Бұрнағы күні Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» ММ Шалдай филиалына қарасты ит тұмсығы өтпейтін қарағайлы алқапта алапат өрт болып, қорытындысында алты адамның өмірін жалмады. Жылдамдығы секундына отыз метрге дейін жеткен дауыл да өрттің өршуіне оң жағдай жасаған. Адамдарды және табиғат жамылғысын аман алып қалу үшін облыста шұғыл штаб құрылды. Осыған орай «Айқын» газетінің сенбілік санында «Ормандағы өрт әлі сөнген жоқ» деген тақырыппен мқаал басылды. «Елді елең еткізген қайғылы жағдайды жою мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы екі «Ми-8» тікұшағын жіберді. Сонымен қатар, жергілікті орман шаруашылықтары, төтенше жағдайлар департаменті, қалалық және аудандық ерікті өрт сөндірушілер құрамдары, техникалары мен мамандары жұмылдырылды. Ең қауіптісі, тұрғындарды дүрліктірген тілсіз жау көршілес Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Семей орманы» және Ресей Федерациясының Алтай аймағына өтіп кеткен. Бір өкініштісі, өрттен көз жұмған адамдардың өмірін қайтару енді қолдан келмейді. Тіпті алапат от бір отбасы мүшелерінің өмірін қиды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері тергелуде. Төтенше жағдайлар мамандары қасақана орманға от қою дерегін жоққа шығарып отыр. Алдын ала долбар бойынша, тілсіз жау электр желілеріндегі қысқа тұйықталудан шыққан. Бірақ бұл әлі түпкілікті дәлелденген жоқ. Басқа себептердің болуы да ғажап емес», деп жазады басылым.

«Өткен аптада облыс орталығында болған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өзге өңірдегілер секілді нан мен ұнның бағасын қымбаттатпау жөнінде аймақ басшысы Қанат Бозымбаевпен меморандумға қол қойды. Дегенмен араға бір-екі күн салып, Тараз қаласындағы орталық базарда ұн өнімдерінің бағасы күрт көтерілді», деп жазады «Айқын» газеті. Атап айтқанда, орталық базарда өткен аптада 1-сортты бір қап ұнның бағасы 2400 теңге болса, жоғары сортты ұнның бағасы 2900 теңге болған. Ал бір аптаның ішінде 1-сортты ұнның бағасы 2900 теңгеге, ал жоғары сортты ұнның бағасы 3200 теңгеге көтерілген. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мұны нарық заманының талаптарымен түсіндіріп отыр. Яғни ұнның бағасы көтерілсе, оған деген сұраныстың артқаны. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Ұнның бағасы неге көтерілді?» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымның дәстүрге айналған «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - «Нұр Астана» газетінің бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсіреппен арадағы сұхбат «Қазақты «ұлы ұлт» ететін қыруар байлығы емес...» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «Қазынамыз жеткілікті, әйтсе де халқымыз неге бақуатты емес? Бұл сауалға қатысты ойымызды алпауыт АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің тұжырымымен түйіндегім келеді. «Бізді ұлы ұлт ретінде байлығымыз емес, оны қалай пайдалана білуіміз әйгілейді». Олай болса, Рузвельттің айтқанын қазаққа қарай икемдейтін болсақ, қазақты «ұлы ұлт» ететін қыруар байлығы емес, бар байлықты орнымен кәдеге жарата білуінде болып шығады», дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевке көңіл айту жеделхатын жолдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Онда «Қазақстанда Владикавказдағы лаңкестік әрекет салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдады», деп атап өтілген.

"Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың отбасыларына, туғандары мен жақын туыстарына қатты қайғырып көңіл айтамын", - делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.

Соңғы жаңалықтар