Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен әлемдік шығармалар орындалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен әлемдік шығармалар орындалады. Бұл туралы Forte Music Fest - 2016 фестивалінің арт-директоры Арман Мырзағалиев айтты.
None
None

Айтулы музыкалық шара бүгін Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда шымылдығын ашады.

3 күндік бағдарламада Қазақстан, Перу, Швейцария, Румыния, Франция, Ресей, Хорватия, АҚШ, Германия елдерінің өнер майталмандары классикалық өнердің озық шығармаларын орындайды.

Концерт барысында 47 орындаушы Чайковский, Шостакович, Шуберт, Ерзакович, Барток, Болин, Энеску, Лауро, Шнитке, Боккерини, Сильвестров, Гершвин, Дебюсси, Бриттен, Сай, Стравинскийдің туындыларын орындайды.

Арт-директордың айтуынша, тыңдаушыларды күтіп тұрған құпиялардың бірі - әлемдік шығармалардың қазақтың ұлттық аспаптарында ойналуы.

«Концертте біраз нөмірлерге домбыра мен қылқобызды қосамыз. Бірақ, менің ойымша мұнда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені, біз Қазақстанда отырмыз. Халықтың өнері қай жерде де халықтікі болып қалады. Қандай аспапта орындалатыны басты мәселе емес. Ең бастысы, ешқандай электронды инструмент қосылмайды. Ешбір сым-темір, ток, күшейткіш болмайды. Нағыз классикалық музыканың акустикалық үнінен ләззат аламыз», - деді А.Мырзағалиев.

Сондай-ақ, биылғы фестивальде 80 жылдан бері қазақ сахнасында ойналмаған туынды тыңдарманға қайта оралады. Концерт мамандары белгілі композитор Ерзаковичтің «Қазақ квартеті» туындысын реставрациялап, көрерменге ұсынбақ.

«Бұл белгілі музыкалық туынды 1937 жылы жазылған. Қазақ квартетінде 4 қазақ: Раупбек Шанин, Ғазиз Дуғашев, альтист Рақым Иманбаев пен виолончелист Куддус Фазлиев өнер көрсеткен. Олар туындыны бір рет премьера кезінде ойнаған. Одан соң соғыс басталып, партитура ұмытылып кетті. Біз сол өнер туындысын қайта қалпына келтіруге тырыстық», - деді А.Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар