Қазалы балалар мен жасөспірімдер мектебінде мемлекеттік сатып алу талаптары бұзылғаны анықталды - Қызылорда облысы
деп хабарлайды Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ол аудандық прокуратураның осы мектепке жүргізген мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын тексеруі барысында белгілі болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында аталған білім ордасына спорт құралдарын сатып алу үшін бюджеттен 720 мың теңге бөлінеді. Осыған орай мектеп директоры баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып, өткізуді есепші С.Жетілгеноваға тапсырады.
Ал баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізіп, мемлекеттік сатып алуға барлығы 10 әлеуетті өнім беруші қатысады. Солардың сегізінің құжаттары әртүрлі сылтаулармен алынып тасталып, «Сильвер ТАУ» ЖШС жеңімпаз танылады. Тексере келгенде, жеке кәсіпкерлер «Саргузиева А.Х.», «Исаева Айкумис Бақытқызы», «Досжанова Лиза», «Идрисова Ботагоз Амантаевна», «Қазалы Жабдықтау» мен «Талапкер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің баға ұсыныстары заңда көзделмеген негіздер бойынша қабылданбай тасталған болып шықты. Осылайша есепшінің өрескел заң бұзушылықтарға жол беруі жолымен «Сильвер ТАУ» ЖШС жеңімпаз танылған. Бұл одан 30 пайыз төменгі бағаны ұсынған жеке кәсіпкер А.Саргузиеваның тиісті құқық қорғау органдарына арыздануына әкеп соққан.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты аудандық прокуратура аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне заңдылықты бұзуды болдырмау туралы ұсыныс енгізді. Оның қаралуы нәтижесінде мектептің бас есепшісі С.Жетілгеноваға спорт мектеп директорының бұйрығымен «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.