Қазан айында Қазақстанда Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай Халықаралық форум өтеді - Н.Назарбаев
Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Киевте өтіп жатқан Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану жөніндегі Саммите мәлім етті.
«Қазақстан жеріндегі әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонында сынақтар өткізілген болатын. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы осында 116 Чернобль апатына тең болатын 456 ядролық жарылыс жасалды. Бұл сынақтардың салдары әлі ұзақ уақыт бойы сезілетін болады. Қазақстан Президенті ретінде қол қойған алғашқы жарлықтарымның бірі осы Семей полигонын жабу туралы құжат болған», - деді Н.Назарбаев
Елбасының атап өткеніндей, былтырғы жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұрынғы Семей полигонына келіп, басқа мемлекеттерге елімізді үлгі ете отырып, Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесіне жоғары бағасын берген.
Елбасы мүдделілік танытқан барлық халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді Қазақстанда өтетін форумға қатысуға шақырды.