19:32, 01 Маусым 2009 | GMT +5
«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы вице-президенттері М. Жәкішевке қатысты тағылған айыпты құптап отыр
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ұлттық қауіпсіздік комитеті аса ірі мөлшердегі мемлекеттік мүлікті жымқыру фактілері бойынша «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке және бірқатар тұлғаларға қатысты қылмыстық іс тұрғысында тексеру шараларын жалғастыруда.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, тергеу шараларының барысында 2004-2006 жылдар аралығында уран өнімін сатудан түскен қаржыны жымқыру мақсатында М. Жәкішевтің нұсқауымен бірқатар оффшорлық компаниялар құрылған («New Power Sistems Ltd», «UrAsia London Ltd», «Jefcott Ltd»).
«Аталған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан компанияның бұрынғы вице-президенттері Малхаз Цоцория, Асқар Қасабеков және Дмитрий Парфеновтер өздерінің мойындауында, сондай-ақ куәгерлер, яғни Степногор тау-кен химиялық комбинаты мен Үлбі металлургиялық зауытының басшылары және басқа да кәсіпорындар оффшорлық компаниялардың құрылғанын және олар Жәкішевтікі екенін құптап отыр. Бұл компаниялар арқылы ол уран саласындағы бірқатар кәсіпорындарды қадағалап отырған», - деді К. Бекназаров.
Оның сөзіне қарағанда, 60 пайыздан астам мемлекеттік уран кен орындарының Жәкішевтің меншігіне заңсыз шығарылуы туралы мәліметтер расталған. Тергеу амалдары барысында Жәкішевтің жасырын жинаған қаржысының орны анықталды. Тергеушілер бұл жерден 3 миллион АҚШ долларын тәркілеген.
Күдіктілердің мойындауынша, бұл қаржы «ҚазАтомӨнеркәсіп» қызметіне қатысушы кәсіпорындар басшыларының жекелеп бөліп отыруы арқылы жинақталған және Жәкішевке тиімді шешімдер жасауға лауазымды тұлғаларға төлеуге үшін пайдаланылған.
«Заңсыз ондаған мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы мен қымбат сыйлықтар алған түрлі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ «іскер топтардың» өкілдері бар тізімдер анықталды», - деді К. Бекназаров.
К. Бекназаров Жәкішевтен түрлі сыйақылар алған адамдарға қатысты тергеу амалдары барысында тиісті құқықтық баға берілетінін айтып өтті.
«Осыған байланысты бұл адамдарды тергеушілерге өз еркімен келіп, шынайы жауаптар беруге ресми түрде шақырамыз», - деді ол. Тергеу барысында көмек көрсеткен адамдардың аты-жөні заңнамаға сәйкес көрсетілмейтіні және оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылатыны туралы кепіл берілмек.