12:59, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының президенті Владимир Школьникке Елбасы қол қойған «Нұр Отан» партиясының партиялық билеті табыс етілді
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Сергей Громов партияның орталық кеңсесінде «Нұр Отан» Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған партиялық билетті «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының президенті Владимир Школьникке салтанатты жағдайда табыс етті.
ҚазАқпаратқа бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарлады. С. Громов билетті табыс ете тұрып, В. Школьник партия қатарына ену туралы өтінішін Индустрия және сауда министрі болып тұрған кезде жазғандығын айтты. Партия хатшысы дүниежүзілік атағы бар ғалым, мемлекеттік және саяси қайраткер, жақында ғана жауапты қызметке тағайындалған В. Школьниктің партия өміріне белсене араласатынына, «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде партия Төрағасы қойған міндеттерді жүзеге асыруда өз әріптестерімен мол тәжірибесімен сарқа бөлісетініне ешкім де шек келтірмейтінін мәлімдеді.«Маған білдірген сенімдеріңізге үлкен алғыс айтамын. Соңғы 10 жыл бедеріндегі біздің жетістіктерімізге мұрындық болып отырған партияға мүшелікке ену ? менің саналы шешімім. Мен партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық ұмтылыстарын қолдаймын және мемлекеттігімізді дамытудағы әрбір қадамына мүмкіндігінше көмектесемін. Сол сияқты маған жүктелген партиялық тапсырмалар үдесінен шығуға әзірмін. 30-мың жұмысшысы бар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы менің «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуға ұмтылысымды қолдайды деп сенемін», - деді В.Школьник өз сөзінде.