Қазба байлықтарды өндірудегі ысырапшылдық елімізде әлі жойылған жоқ - ҚазҰТУ доценті
«Қазақстан табиғат байлықтарына өте бай ел. Өкінішке қарай, қазба байлықтарды өндіруде кеңестік дәуірде қалыптасқан ысырапшылдық әлі жойылмай отыр. Кәсіпорындардағы өндірістік үдерістер толықтай бақылауға алынбаған. Сондықтан өндірісшілер қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластауды тоқтатпай келе жатыр. Өндіріс орындарының көпшілігі қоршаған ортаны сақтауда ластанудың алдын алғаннан көрі айыппұл төлеуді әдетке айналдырып алған», дейді Бақытбек Әубәкірұлы. Оның айтуынша, елімізде қоршаған ортаны қорғауға арналған арнайы заң да, кодекс те бар, бірақ оның орындалуы аса жоғары дәрежеде емес. Үкімет соңғы жылдары қадағалау жұмысын қатайтып келе жатқанмен, бақылау тетіктері әлі де жетілдіруді қажет етеді.
«Кәсіпорындар әлі де өз жұмысын барынша ашық жүргізіп отырған жоқ. Бұл бағыттағы сараптамалық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының жұмысы да жандандыруды қажет етіп тұр. Табиғаттағы қазба байлықтар бір күні таусылуы мүмкін, сондықтан оған үкімет осы бастан қам жасау керек. Бұл үшін өндіріс орындарының басшылары мен ондағы шетелдік инвесторлармен келіссөз жұмысын жаңа сатыға көтеру қажет. Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуді ұйымдастырудағы түйткілді мәселелерді толықтай шешілуі тиіс. Бұл ең алдымен үкіметке тиімді. Қазір қалдықтарды қайта өңдеудің технологиялары әлемде жеткілікті», дейді Б. Жанқұбаев. Ғалымның пайымдауынша, бұл ірі өндіріс орындарының төңірегінде шағын және орта биснесті жандандырудың бір көзі. Қазір ірі өндірістегі шағын бизнестің үлесі 5 пайыздан аспай отыр. Ал жалпы экономикадағы шағын және орта бизнестің 80 пайызы сауда-саттықтың үлесінде. Егер өндірісте шағын бизнестің үлесі өсетін болса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім өндіру көлемі де өседі.