ҚАЖ Академиясында жас жауынгерлер курсы аяқталды
Осы жылы да оқу орнына оқуға келуші үміткерлер саны аз болмады. Өздеріне осы қиындығы мен қызығы мол жолды таңдағандықтан жас жауынгерлер алдыңғы қадамдарын Академияның оқу-жаттығу лагерінде бастады, деп хабарлайды ҚР ӘМ ҚАЖ комитеті Академиясының баспасөз қызметі.
2 апта ішінде олар өз шыдамдылықтары мен төзімділіктерін көрсете білулері керек еді. Осы мерзім ішінде жас жауынгерлер әскери өмірдің табалдырығын аттады. Таңертең ерте тұру, жүгіру, жаттығу, қатаң тәртіпке бойларын үйрету, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ, жас жауынгерлер курсын өту - осы оқу орнына оқуға келуші үміткерлердің міндеті.
Жас жауынгерлер курсының аяқталуымен қатар келген Қазақстан Республикасының маңызды мерекесі - Ата Заңымыздың туған күніне арнап болашақ курсанттар өз өнерлерін көрсетті. Бұрала би билеп, ән салған курсанттар өз өнерлерімен жиналған халықты, Академия қызметкерлері мен қонақтарын тәнті етті.
Жас жауынгерлер курсын аяқтап оралған болашақ курсанттарға Академия бастығы, заң ғылымдарының докторы Қ.Уканов алтын уақыттарын босқа өткізбей, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне керекті білім мен дағдыны үйренуге, алға қойған міндеттерін атқаруда адал және тәртіпті болуға шақырып, ақ жол тіледі.
«Өздеріңізді тәртіпке, ұйымдастырушылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеңіздер. Осылай ғана болашақта еліміздің тыныштығы үшін, халқымыздың амандығы үшін Отанымыздың алдындағы борыштарыңызды лайықты атқарып, жоғары дәрежелі маман бола аласыздар!
Барлығыңызға сәттілік тілеймін!», - деді ол.