Қажет болса Сирия бойынша Астана процесін қайта бастауға дайынбыз - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 20-шы халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Онда СІМ Қазақстанның Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 20-шы халықаралық кездесуді неліктен өз аумағындағы келіссөз процесінің мәресі деп жариялағанын түсіндіреді.

«Бұл форматтың Женева процесіне қосымша келіссөз алаңы ретінде құрылғаны және қақтығысты тоқтату үшін нақты практикалық міндеттерді шешуге арналғаны мәлім. Осы тұрғыда қазіргі уақытта оның деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы тәрізді бастапқы мақсаттары орындалды» дейді ведомсво.

Бүгінгі таңда Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр.

Араб мемлекеттерінің Дамаскімен қарым-қатынасын қалпына келтіруге ұмтылысы байқалады.

Сирияның Араб мемлекеттерінің лигасындағы мүшелігі қайтарылды.

Бауырлас Түркия Республикасы достас Сириямен өз қарым-қатынасын оңалтуға ниетті.

«Осыған байланысты Сирияның аймақтағы оқшаулаудан біртіндеп шығуын Сирия бойынша Астана процесі аясында жұмсалған күш-жігердің зор нәтижесі деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, егер Астана форматындағы Сирия бойынша халықаралық кездесуге қатысушылар тарапынан Астана қаласында келіссөзді жалғастыру жөнінде ортақ өтініш түссе, Қазақстан басқа алаңдардағы келіссөздің барысын және жалпы Сириядағы жағдайды ескере отырып, бұл процесті ізгі ниет әрекеті ретінде қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға дайын» делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетейік, кеше Сирия бойынша Астана процесі ресми аяқталғанын хабарлаған едік.
Соңғы жаңалықтар